ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Италия және Румыниямен ынтымақтастығының келешегі талқыланды

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Италия және Румыниямен ынтымақтастығының келешегі талқыланды

Астана, 2024 жылғы 24-25 қаңтар – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Италия мен Румынияның Қазақстандағы Елшілерімен кездесулер өткізді.

Италия Елшісі Марко Альбертимен кездесуде Мемлекет басшысының жақында Римге жасаған ресми сапарының қорытындылары талқыланып, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру және биылғы жылы бірқатар іс-шараларды өткізу шаралары белгіленді.

Сонымен қатар, сұхбатшылар Қазақстан – Италия экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының келесі 9-шы отырысын өткізу маңыздылығын атап өтті.

Румыния Елшісі Мадалина Лупумен әңгімелесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің 2023 жылғы желтоқсандағы Бухарестке ресми сапарының қорытындысы бойынша уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелері, сондай-ақ ағымдағы жылға арналған бірлескен жоспарлар талқыланды.

Қазақстан мен Румыния арасындағы екіжақты сауданың айтарлықтай көлемін ескере отырып, Р. Василенко сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.

Осы тұрғыда Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Румыния үкіметаралық комиссиясының маңызды рөлі атап өтілді. Аталған комиссиясының 17-ші отырысы 2024 жылғы ақпанда Бухарестте жоспарланған.

Анықтама: 1) Италия Қазақстанның Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі және әлемде үшінші (Ресей Федерациясы мен Қытайдан кейін) болып табылады. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында тауар айналымы 14,5 млрд. долларды (экспорт – 13,4 млрд., импорт – 1,1 млрд.) құрады. Италиядан 2005 жылдан бастап 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 7,3 млрд. долларды құрады. Қазақстанда итальяндық капиталдың қатысуымен 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

2) Румыния Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады, Еуропада 5-ші және әлемде 12-ші орында.2023 жылғы қаңтар-қарашада екіжақты сауда көлемі 2,6 млрд. долларға жетті.

Соңғы онжылдықта Румыния ҚР экономикасына 1,57 млрд. доллар инвестициялады. Қазақстанда румын капиталының қатысуымен 37 компания тіркелген.

Қазақстанның ең ірі шетелдік активі «ҚазМұнайГаз Интернэшнл» компаниясы бүгінде елдегі маңызды инвесторлар мен салық төлеушілердің бірі болып табылатын Румынияда жұмыс істейді.