Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 22 қаңтар

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2024 жылғы 22 қаңтар

Мазмұны:

  1. ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы орынбасарының Қазақстанға сапары туралы;
  2. Башқұртстан Республикасы басшысының Астанаға сапары туралы;
  3. БҰҰ Даму бағдарламасы басшылығының Астанаға сапары туралы;
  4. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Тәжікстан мен Қырғызстанға ресми сапарлары туралы;
  5. Қазақ-хорват үкіметаралық комиссиясының екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы отырысы туралы;
  6. «One Water Summit» ұйымдастыру бойынша жұмыс тобының отырысы туралы;
  7. Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу бойынша.

 

  1. ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы орынбасарының Қазақстанға сапары туралы

2024 жылғы 23-27 қаңтарда ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы төрағасының орынбасары Хао Минцзиннің Қазақстанға (Алматы, Астана қалалары) сапары өтеді. Сапар екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты және Мәжілісінің төрағалары Мәулен Әшімбаевпен және Ерлан Қошановпен келіссөздер, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Альберт Раумен, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен, сондай-ақ Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиевпен кездесулер жоспарлануда.

 

  1. Башқұртстан Республикасы басшысының Астанаға сапары туралы

2024 жылғы 23-24 қаңтарда Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировтың Астанаға сапары өтеді.

Сапар аясында башқұрт делегациясы «Қазақстан-Башқұртстан» бизнес-форумына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Башқұртстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс тобының отырысына қатысады.

 

  1. БҰҰ Даму бағдарламасы басшылығының Астанаға сапары туралы

2024 жылғы 22-25 қаңтарда БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісі көмекшісінің орынбасары – БҰҰ Даму бағдарламасы Еуропа және ТМД үшін Өңірлік бюросы директорының орынбасары Ник Хартманның Астанаға сапары өтеді.

Сапар аясында оның Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечинамен, ҚР Сыртқы істер, Ұлттық экономика, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің басшылығымен, сондай-ақ «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігінің басшылығымен кездесулері жоспарлануда.

Кездесулер барысында 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелерін қоса алғанда, ҚР мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны және 2021-2025 жылдарға арналған Орнықты даму мақсаттарындағы ынтымақтастық туралы келісімді талқылау жоспарлануда.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Тәжікстан мен Қырғызстанға ресми сапарлары туралы

2024 жылғы 24-30 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстан Республикасы мен Қырғыз Республикасына ресми сапарлармен барады. Екі сапар да тәжік және қырғыз тараптарының шақыруымен өтеді.

24-26 қаңтарда Душанбе қаласында Қазақстан СІМ басшысы Тәжікстан Республикасының басшылығымен, Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөздер жүргізеді, сондай-ақ оның тәжік бизнес қоғамдастығының өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

28-30 қаңтарда Бішкек қаласында М.Нұртілеу Қырғыз Республикасының басшылығымен және Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаевпен келіссөздер жүргізеді.

Сапарлар барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективалары талқыланады, аса жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы қаралады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасулар өтеді.

Қырғыз әріптесімен кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қою жоспарлануда.

 

  1. Қазақ-хорват үкіметаралық комиссиясының екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы отырысы туралы

2024 жылғы 25 қаңтарда Загребте Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бастаған қазақ делегациясы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның алғашқы отырысына қатысады. Комиссияның хорват бөлімінің тең төрағасы ретінде Хорватияның Экономика және тұрақты даму министрі Дамир Хабиян болады.

Отырыс шеңберінде тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылауды жоспарлап отыр. Энергетика, көлік және логистика, туристік әлеуетті дамыту сияқты салаларға, сондай-ақ Іскерлік кеңестің инаугурациялық отырысын және «Қазақстан-Хорватия» бизнес-форумын өткізу дайындығына ерекше назар аударылатын болады.

 

  1. «One Water Summit» ұйымдастыру бойынша жұмыс тобының отырысы туралы

2024 жылғы 22-24 қаңтарда Париж қаласында ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүльфия Сүлейменова бастаған қазақ делегациясы «One Water Summit» ұйымдастыру бойынша жұмыс тобының отырысына қатысады.

Іс-шараның мақсаты – Саммиттің ұйымдастырушылық және мазмұндық бөлігін талқылау. 2023 жылғы желтоқсанда (Дубай, БАӘ) Қазақстан мен Франция президенттері БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясы (СОР28) тараптарының 28-ші конференциясының пленарлық отырысында «One Water Summit» іс-шарасын бірлесіп өткізу туралы жариялады. Саммит 2024 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының алаңында өтеді.

 

  1. Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу бойынша

«Астана форматындағы» кепілгер елдердің ұжымдық өтінішіне сәйкес 2024 жылғы 24-25 қаңтарда Қазақстан елордасында Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша 21-ші халықаралық кездесу өтеді.

Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі мен Сирия оппозициясының делегациялары қатысады. Бақылаушылар ретінде Иордания, Ирак және Ливан, сондай-ақ БҰҰ, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері қатысады деп күтілуде.

Алдын ала күн тәртібіне Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалды дамыту, САР-дағы кешенді реттеу жөніндегі күш-жігер, Сириядағы гуманитарлық ахуал және Сирияны жанжалдан кейінгі қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру және т.б. мәселелер енгізілді.