Хельсинкиде өткен саяси консультацияларда Қазақстан-Финляндия ынтымақтастығының 2023 жылғы қорытындылары шығарылып, болашаққа жоспарлар белгіленді

Хельсинкиде өткен саяси консультацияларда Қазақстан-Финляндия ынтымақтастығының 2023 жылғы қорытындылары шығарылып, болашаққа жоспарлар белгіленді

Хельсинки, 2023 жылғы 13 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Финляндия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия істері жөніндегі департаменттің бас директоры Марья Лииваланың қатысуымен саяси консультациялардың кезекті отырысы өтті.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Жоғары және аса жоғары деңгейдегі байланыстардың белсенді динамикасын оң бағалай отырып, Р. Василенко қазақ тарапының Суомимен өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге бейілділігін атап өтті.

ФР СІМ өкілдері Астана мен Хельсинки арасындағы, соның ішінде көпжақты деңгейде тығыз диалогты қолдаудың қажеттігін атап өтіп,  Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әріптес екеніне назар аударды.

Финляндияға сапар барысында Р. Василенко ФР Парламенті Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Киммо Кильюненмен екіжақты және көпжақты деңгейде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Министрдің орынбасары жақында ФР Парламентінде Қазақстан Республикасымен «достық тобының» құрылуы екіжақты парламентаралық диалогын жаңа сапалы деңгейге шығаруға ықпал ететініне назар аударды.

К.Кильюнен Қазақстан заңнамашыларымен байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін және екіжақты сапарларды ынталандыру мен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға дайын екенін растады.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко ФР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық сауда министрінің орынбасары Ярно Сюрьялямен кездесті. Кездесуде тараптар елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.                            Р. Василенко сауда-экономикалық байланыстар дамуының оң динамикасын атап өтіп, 2022 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында өзара тауар айналымының 7,8% - ға өскенін хабарлады.

Осы тұрғыда тараптар Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының маңызды рөлін атап өтіп, 2024 жылғы сәуірде Астанада ҮАК-тың кезекті 13-ші отырысын ұйымдастыру энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және өзара тиімді әріптестіктің басқа да салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге маңызды серпін беретініне сенім білдірді.

Сапар барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Хельсинкидегі Александр институтының директоры Маркку Кангаспуромен кездесті. Тараптар халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.