Қазақстан СІМ-де Еуропалық Парламентпен байланысты тереңдету перспективалары талқыланды

Қазақстан СІМ-де Еуропалық Парламентпен байланысты тереңдету перспективалары талқыланды

Астана, 2023 жылғы 20 қараша – Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан астанасына жұмыс сапарымен келген Еуропалық Парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының (DCAS) мүшесі Рышард Чарнецкиймен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар көлік және логистика, сыни шикізат материалдары мен жаңартылатын энергия көздерін өндіру және пайдалану мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан-Еуропа саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Тараптардың назары Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге және Еуропалық Одақпен қатынастарға, оның ішінде өзара байланыс, климаттың өзгеруі және халықаралық қауіпсіздік саласындағы мәселелерге аударылды.

Еуродепутат Р. Чарнецкий Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі ЕО-ның сенімді серіктесі екенін атап өтіп, Еуроодақтың кең ауқымды мәселелер бойынша одан әрі сындарлы және прагматикалық өзара іс-қимылға бейілділігін білдірді.

Еуропалық Парламентпен ынтымақтастық желісі бойынша тараптар 2023 жылғы 13 қарашада Брюссельде өткен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы мерейтойлық отырысының қорытындыларын талқылады, сондай-ақ 2024 жылы өтетін Еуропалық Парламент депутаттарының сайлауына қатысты пікір алмасты.

Сондай-ақ, тараптар Еуропалық Парламенттің үш делегациясының: 2023 жылғы тамыздағы Сыртқы істер комитетінің (AFET), 2022 жылғы тамыздағы адам құқықтары жөніндегі Кіші комитеттің (DROI) және 2022 жылғы сәуірдегі «DCAS» делегациясының Қазақстанға сапарларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша әңгімелесушілер көпжоспарлы стратегиялық әріптестіктің саяси негізін нығайту мақсатында тиімді парламентаралық және партияаралық байланыстарды дамытуға бағытталған сындарлы диалогты жалғастыру уағдаластығына қол жеткізді.

Еуропалық парламенттің депутаты Қазақстанға сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевпен келіссөздер жүргізді.