Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 13 қараша

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 13 қараша

Мазмұны:

  1. Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысы туралы;
  2. БАҚ бостандығы мәселелері бойынша ЕҚЫҰ өкілінің Қазақстанға сапары туралы;
  3. Қазақстандық делегацияның Брюссельде өтетін «Шикізат материалдары апталығы-2023»-ке қатысуы туралы;
  4. ҚР Сыртқы істер министрінің Мажарстанға ресми сапары туралы;
  5. Минскіде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырыстары туралы;
  6. Швециямен және Латвиямен сімаралық консультациялар туралы;
  7. Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының жыл сайынғы кездесуі туралы;
  8. Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы арасындағы визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысы туралы

2023 жылғы 13 қарашада Брюссель қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Айгүл Құспан бастаған қазақстандық делегация Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысына қатысады. Еуропалық делегацияны Орталық Азия және Моңғолия бойынша Еуропалық Парламент делегациясының Төрағасы Томаш Здеховский басқарады.

Отырыс барысында қазақ-еуропалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық қатынастар, Орталық Азиядағы өңірлік саясатты дамыту, адам құқығы, заңның үстемдігі және т. б. мәселелер талқыланады.

Сондай-ақ, сапар барысында Айгүл Құспанның Еуропалық Парламенттің негізгі депутаттарымен екіжақты кездесулері күтілуде.

 

  1. БАҚ бостандығы мәселелері бойынша ЕҚЫҰ өкілінің Қазақстанға сапары туралы

2023 жылғы 13-15 қарашада Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Тереза Рибейро келеді.

Сапар барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің және ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің басшылығымен кездесулер жоспарланған.

ЕҚЫҰ Өкілі сапарының негізгі мақсаты – Қазақстандағы БАҚ саласындағы ахуалды талқылау, сондай-ақ еліміздің осы бағыттағы ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылы.

 

  1. Қазақстандық делегацияның Брюссельде өтетін «Шикізат материалдары апталығы-2023»-ке қатысуы туралы

2023 жылғы 14-17 қарашада Брюссельде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Еуропалық Комиссия ұйымдастыратын «Шикізат материалдары апталығы-2023» (“Raw Materials Week-2023”) халықаралық конференциясының жұмысына қатысады.

Қазақстан іс-шараға Еуропалық Одақтың аса маңызды шикізат материалдары саласындағы серіктесі ретінде қатысады.

Конференция аясында министр Қанат Шарлапаев пен Еуропалық комиссияның Атқарушы вице-президенті Марош Шефчовичтің қатысуымен «Қазақстан мен Еуропалық Одақтың стратегиялық әріптестігі» тақырыбында бизнес-форум өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің еуропалық компаниялармен екіжақты кездесулері жоспарланған, сондай-ақ «G2G» (government to government) кездесуі өтеді, оның барысында тараптар шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және жасыл сутектің тұрақты құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы 2022 жылғы қазанда қол қойылған Меморандумды іске асыру жөніндегі жол картасының орындалу барысын талқылайды.

«Шикізат апталығы» – аса маңызды шикізат материалдары саласындағы саясат пен бастамаларды талқылау мақсатында мүдделі тараптардың кең ауқымы (үкіметтер мен іскер топтардың өкілдері) қатысатын Еуропалық Комиссия ұйымдастыратын жыл сайынғы конференция.

СОР-27 саммиті барысында (2022 ж. 7 қазан, Мысыр) Қазақстан мен Еуропалық Комиссия сыни шикізаттың, батареялардың және сутектің құн тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы Меморандумға қол қойды. Аталған Меморандумды іске асыру мақсатында 2023-2024 жылдарға арналған стратегиялық әріптестіктің «жол картасы» әзірленіп, қабылданды.

 

  1. ҚР Сыртқы істер министрінің Мажарстанға ресми сапары туралы

2023 жылғы 20-21 қарашада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Мажарстанға ресми сапары жоспарлануда.

Сапар барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийяртомен және Қазақ-мажар үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Қаржы министрі Михай Варгамен келіссөздер жүргізеді.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Қазақ-мажар стратегиялық кеңесінің 6-шы отырысына қатысады. Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін, сондай-ақ Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылайды.

 

  1. Минскіде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырыстары туралы

2023 жылғы 22 қарашада Минск қаласында Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтеді.

Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасынан Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысады.

Отырыс барысында ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай және сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметі туралы пікір алмасу жоспарланған.

Отырысқа қатысушылар Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамытудың түрлі мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды және бірқатар саяси мәлімдемелер жасайды. Сондай-ақ Минск қаласында жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Мемлекет басшыларының қарауына шығарылатын құжаттардың жобаларын мақұлдайды деп күтілуде.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұйымға төрағалық Қазақстан Республикасына өтеді, сондықтан Минскіде өтетін бірлескен отырыста М. Нұртілеу келесі жылы осы ұйымдағы Қазақстан қызметінің басым бағыттарымен таныстырады.

Басымдықтарды қалыптастыру кезінде қазақ тарапы ҰҚШҰ қызметіндегі сабақтастықты сақтаудың маңыздылығына негізделеді. Әріптестерге мүше мемлекеттер үшін неғұрлым өзекті және талап етілетін ҰҚШҰ жұмысының жарғылық бағыттарына шоғырлану ұсынылатын болады.

Жалпы, Қазақстанның басымдықтарын ҰҚШҰ Саммитінде Мемлекет басшысы ресми түрде ұсынатын болады.

 

  1. Швециямен және Латвиямен сімаралық консультациялар туралы

2023 жылғы 22-23 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Стокгольм мен Ригада швед және латыш тараптарымен саяси консультацияларға қатысады. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.

 

  1. Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының жыл сайынғы кездесуі туралы

ҚР СІМ басшылығы 2023 жылғы 27-28 қарашада Бішкекте өтетін Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының 13-ші кездесуіне қатысады. Іс-шара жыл сайын Орталық Азия елдерінде ротациялық негізде БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының (РЦПДО) қамқорлығымен өткізіледі.

Кездесудің мақсаты Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсер ететін оқиғалар мен үрдістер туралы пікір алмасу, сондай-ақ өңірлік орталықтың өз мандаты шеңберінде Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтерімен өзара іс-қимылына қатысты мәселелерді талқылау болады.

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы арасындағы визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

2023 жылғы 8 қарашада Сан-Марино қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сан-Марино Республикасының Үкіметі арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылды. Құжатты ҚР Сыртқы істер министрлігі әзірледі және оған Қазақстанның Сан-Маринодағы қоса атқарушы Елшісі Ерболат Сембаев пен Сан-Марино Республикасының Сыртқы істер, халықаралық экономикалық ынтымақтастық және телекоммуникациялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лука Беккари қол қойды.

Аталған шартқа сәйкес жол жүруге жарамды ұлттық, дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасының азаматтары туристік, іскерлік және басқа да мақсатта бір реттік немесе бірнеше рет сапарларға бару үшін әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге визалық талаптардан босатылады.