Мазмұны:
2023 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лудың тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның мерейтойлық бесінші шолу отырысы өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі ағымдағы мәселелерді талқылады, сондай-ақ алдағы жылға арналған жоспарларды айқындады.
Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссия 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Комиссия үкіметаралық мәртебесіне ие, сондай-ақ саяси ынтымақтастық және қауіпсіздік, сауда-экономикалық ынтымақтастық, гуманитарлық өлшем бойынша үш комитеттен тұрады. Комиссияның алдыңғы отырысы 2022 жылғы 5 желтоқсанда Вашингтонда өткен болатын.
2023 жылғы 7-21 қараша аралығында ЮНЕСКО-ның Париж (Франция) қаласындағы штаб-пәтерінде Ұйым Бас конференциясының 42-ші сессиясы өтеді.
7-8 қарашада Бас конференцияның жоғары деңгейдегі панеліне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин бастаған Қазақстан делегациясы қатысады.
Оның білім, ғылым, мәдениет және ақпарат саласындағы көпжақты өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі панельде сөз сөйлеуі жоспарланған.
Конференция аясында Мемлекеттік кеңесшінің ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азулемен және Ұйымға басқа мүше мемлекеттердің делегация басшыларымен кездесулері жоспарлануда. Онда Қазақстанның ЮНЕСКО-мен және серіктес елдермен өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.
2023 жылғы 9 қарашада Ташкент қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің 16-шы саммиті өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысады.
Саммит барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және басқа да салалардағы Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму жолдарын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
Саммит барысында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы марапатының жеңімпаздары жарияланады. Қазақстан Республикасының атынан тарих, мәдениет, әдебиет және бейнелеу өнері санатындағы марапатқа белгілі ғалым этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай ұсынылды.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымы – 10 мүше мемлекеттен (Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан) тұратын өңірлік мемлекетаралық экономикалық құрылым. Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап Экономикалық ынтымақтастық ұйымының мүшесі.
Қазақстанның Иордания мен Мысырдағы Елшіліктері Газа секторындағы ахуалдың асқынуының алғашқы күнінен бастап біздің отандастарымызды «Рафах» бақылау-өткізу пункті (БӨП) арқылы шығару, оларды одан әрі тасымалдау, сондай-ақ шет мемлекеттердің шекарасынан өту үшін тиісті құжаттармен қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсету мәселелерін пысықтауда.
Қақтығыс аймағындағы ҚР азаматтары мен олардың жақын туыстарының тізімін қалыптастыру, оны келісу және үнемі жаңартып отыру жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударылады
Қазақстанның Каирдегі Елшілігі күн сайын Мысырдың Сыртқы істер министрлігімен және басқа да құзыретті органдарымен азаматтарымызды эвакуациялау шарттары туралы келіссөздер жүргізеді.
Газа секторының ерекшелігін ескере отырып, анклавта тұратын азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде тұрақты негізде арнайы чат ашылған. Аталған шиеленіс басталған кезден бастап әрбір азаматпен олардың орналасқан жері мен денсаулық жағдайын нақтылау үшін тікелей байланыс жүргізілетінін атап өтеміз.
Қазақстанның Иордания мен Мысырдағы елшіліктері осы елдердің Сыртқы істер министрліктерімен, сондай-ақ Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігі (БАПОР), Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты осы аймақтағы халықаралық ұйымдардың кеңселерімен тұрақты байланыста. Сонымен қатар, Палестинаның Қазақстандағы және Мысырдағы Елшіліктерімен құжаттарды тексеруге қатысты кейінгі жұмыстар бойынша уағдаластықтар бар.
Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 1 қарашасында Газа секторынан шетелдік азаматтар мен қос азаматтығы бар палестиналықтарды эвакуациялау басталды. Алайда, өкінішке орай, 4 қарашадан бастап «Рафах» БӨП арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау уақытша тоқтатылды.
Мысыр және Израиль тараптарының талаптарына сәйкес әр елге «Рафах» БӨП арқылы шетелдік азаматтардың өтуі бойынша белгілі бір күн беріледі. Бұл ретте ағымдағы өткізу қабілеті (тәулігіне 500-ге жуық адам), сондай-ақ шамамен 45 елдің елшіліктері ұсынған тізімдегі адамдардың жалпы саны ескеріледі, бұл шамамен 7000 адам.
Бүгінгі таңда Газа секторында біздің деректеріміз бойынша ҚР 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда олардың саны 161 адам. Сонымен қатар, шетелдік азаматтардың отбасы мүшелерінің шығуына байланысты Мысыр тарапынан және Израиль тарапынан да белгілі бір талаптар бар. Мысалы, үштен бір бөлігі эвакуациялауға, яғни жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейді. Бұл кәмелетке толған балалар, ерлі-зайыптылар, немерелер және балалардың жұбайлары. Осыған орай, біздің кейбір азаматтарымыз отбасы мүшелерін алып кету мүмкіндігі болмағандықтан Газа секторынан кетуге дайын емес.
Біз Қазақстан азаматтарын эвакуациялауын мүмкіндігінше тезірек жасау үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Дегенмен, көп нәрсе бізге байланысты емес. Бұл әскери-дипломатиялық дағдарысты бүкіл әлем шешуге тырысып жатыр.
Өз тарапымыздан толық дайынбыз – азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялық борт Каирге ұшып шығады.
Шетелде Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Елшіліктерінің негізгі міндеттерінің бірі. Алдын алу шараларын қабылдау үшін біз Таяу Шығыс өңірдегі жағдайды бақылап отырмыз, өкінішке орай, оның шиеленісі күшейіп келеді.
Ағымдағы жылдың 7 қазанында басталған палестиналық ХАМАС қозғалысы мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі жағдайға әкеліп, Газа секторында апатты гуманитарлық дағдарысты тудырды.
Соңғы мәліметтер бойынша, қақтығыс салдарынан Газа секторында 10 мыңға жуық адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алған. Сонымен қатар, құрбандардың үштен екісі әйелдер мен балалар. Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің (БАПОР) ақпаратына сәйкес, Газа секторындағы халықтың жағдайы өте күрделі және 2 миллионнан астам адам азық-түлік көмегіне мұқтаж.
Батыс, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдері, атап айтқанда Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері, АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай, Түркия және басқалары Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында зардап шеккен Палестина халқына қаржылық және материалдық гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайды ескере отырып, Қазақстан да шетте қалмауға және Палестина халқына 1 млн АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылдады.
Бұл шешімді Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
ҚР Үкіметі бөлген қаражат БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне аударылды, Ұйым Палестина халқына жеті онжылдық бойы төтенше және басқа да көмек көрсететін жұмыстарды ұйымдастырып келеді.
Айта кететін жайт, гуманитарлық қызмет еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағытының бірі. Бейбіт саясат пен әділдік қағидаттарын ұстанатын Қазақстан әрдайым қиын гуманитарлық жағдайға тап болған мемлекеттерге қолдау көрсетуге ұмтылады.