Астанада мажар ақыны атындағы жаңа көше ашылды

Астанада мажар ақыны атындағы жаңа көше ашылды

Астана, 2023 жылғы 2 қараша – Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында елордамыздың орталық көшесіне Мажарстанның атақты ұлттық ақыны Шандор Петёфидің есімі берілді.

Көшенің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийярто қатысты.

ҚР СІМ басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Мажарстан ежелден келе жатқан тарихи байланыстарға ие және бұл маңызды бастама мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа белестерге шығаруға қосымша серпін бергенін атап өтті. «Атақты мажар ақынының 200 жылдық мерейтойына орай оның есімін елордамыздың көшесіне беру символикалық маңызы бар және достық қарым-қатынастарымызды нығайтуда, сондай-ақ елдеріміз арасындағы мәдени алмасуды дамытуда үлкен рөл атқарады», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде П.Сиярто Қазақстан Үкіметіне мажар ақынына көрсетілген құрметіне ризашылығын білдірді. «Бүгін біз қазақ халқының Мажарстанға деген жоғары құрметін көріп отырмыз. Шандор Петёфи еркіндікке деген құштарлығымен танымал данышпан адам болды, бұл еркіндік сезімі сіздерге де тән», – деді мажар министрі.

Көшеге Мажарстан ақынының есімін беру туралы шешімді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Елорданың Есіл ауданындағы көшенің атауы өзгергенге дейін Е-108 сандық атауы болған. 2014 жылдың маусым айында Мажарстан астанасы Будапешт қаласында «Астана» көшесі ашылып, Абай Құнанбаевтың бюсті орнатылды.

Шандор Петөфи – атақты ақын, мәдениет қайраткері және Мажарстанның тәуелсіздігі үшін күрескен белсенділердің бірі. Ол Мажарстанның тәуелсіз демократиялық ел болып қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оның шығармалары бүкіл әлемге танымал және көптеген тілдерге аударылған.