Минск, 2023 жылғы 26 қазан – Беларусь астанасында бейсенбіде басталған «Еуразиялық қауіпсіздік: өзгермелі әлемдегі ақиқат пен перспективалар» атты жоғары деңгейдегі екі күндік халықаралық конференцияда қатысушылар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауда.
Конференцияның мақсаты – қазіргі геосаяси жағдайларда еуразиялық қауіпсіздіктің келешегіне қатысты пікір алмасу болды. Аталған іс-шара Беларусь Республикасының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы аясында ұйымдастырылды.
Беларусь тарапының шақыруы бойынша конференция жұмысына Беларусь, Иран, Қазақстан, Мьянма, Ресей, Тәжікстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕАЭК) жоғары өкілдері және бірқатар елдердің, оның ішінде Әзербайжан, Вьетнам, Үндістан, Қытай, БАӘ, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдердің ғылыми-академиялық топтарының сарапшылары қатысуда.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң және толық сақтауды жақтайтынын мәлімдеді.
ҚР СІМ өкілі Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын ұстанатын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтін, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпауды, дауларды бейбіт жолмен шешуді қалайтын, бейбітшілікті сүйетін мемлекет екенін атап өтті. Осы тұрғыда ҚР СІМ атынан ол әлемнің «ыстық нүктелеріндегі» дағдарыстық жағдайларды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігерге қолдау білдірді.
Өңірде ғана емес, әлемде де қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Астана көпжақты дипломатияға үлкен мән беретіні айтылды. Қазақстан қақтығыстардың алдын алуға және реттеуге бағытталған халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысының бірі.
Көптеген жылдар бойы біздің еліміз осы қағидаттарды берік ұстанып келеді, оның ішінде 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық ету кезеңінде анық көруге болады. Бұған қоса 2017-2018 жылдары Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі кезеңінде Сирия мәселесі бойынша Астана процесі үшін алаң ұсынғаны және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін ұдайы өткізіп тұратыны атап өтілді.
Қазақстан Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір болғандықтан, бұл рөл елімізге өте үйлесімді екені баса айтылды. Қазақстан бұрынғыдай БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, Орталық Азия+ форматтарында ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Жылдам өзгерістер бізден белсенді ынтымақтастықты және қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кепілдік беретін тетіктерді әзірлеуді талап етеді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының маңызды рөлі бөлек атап өтілді, ол қазақ тарапының пікірінше, геосаяси шиеленіс жағдайында күшейтілуі тиіс. Бұл орайда, Қазақстан тарапы Хельсинки құжатының, Париж хартиясының және Астана декларациясының рухына сәйкес Еуро-Атлантика мен Еуразия кеңестігіндегі сенімді қалпына келтіруде аса маңызды деп санайды.
Жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға негізделген Қазақстанның тұрақты дамуы Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өңірлік кооперацияны нығайтудың маңызды факторы болатыны баса айтылды. Осы тұрғыда конференция қатысушылары Қазақстандағы институционалдық қайта құру барысымен, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Жолдауының басымдықтарымен танысты.
Р. Василенко экономикалық өсімге, яғни Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтуға өңір ішінде де, сыртқы әлеммен де өзара байланысты күшейту ықпал ететінін атап өтті. Осы орайда, ол Еуразиядағы өзара байланысты кеңейту бойынша қазақ тарапы қабылдап жатқан шараларына тоқталды. Бұл тұрғыда Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» Қытайдың мегажобасын, «Global Gateway» еуропалық бастамасын және басқа да осыған ұқсас жобаларды бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалар ретінде қарастырады.
Сонымен қатар конференцияда Астананың бірқатар сыртқы саяси бастамалары да, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу, сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қамқорлығымен Өңірлік климаттық саммитін өткізу туралы сөз қозғалды.
Жалпы, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту бойынша ұсынылған идеялары мен ұсыныстары жиналған сарапшылар тарапынан оң бағаланды.