Қазақстан мен Литва өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растайды

Қазақстан мен Литва өзара тиімді  ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растайды

Астана, 2023 жылғы 10 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Литва Республикасының Сыртқы істер Вице-министрі Йовите Нелюшпиенемен кездесу өткізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Литва ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік аясындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылады.

Литва Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы он негізгі сауда серіктесінің біріне кіреді. Өз кезегінде Қазақстан Литваның әлемдегі жиырма сауда серіктесінің бірі болып табылады. Осылайша, 2022 жылдың соңында сауда көлемі 28,7%-ға өсіп, 584,3 млн АҚШ долл. құрады. Елдер арасында энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдері саласындағы ынтымақтастықпен қатар көлік және логистика саласында да инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Литва Президенті Гитанас Науседаның 2022 жылғы қыркүйегінде Нью-Йорктегі 77-ші БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңындағы келіссөздері Қазақстан-Литва диалогының оң динамикасына қосымша серпін бергені атап өтіледі.

Осы орайда, сұхбаттасушылар қазіргі күрделі геосаяси жағдай аясында екі ел арасындағы іскерлік байланысты одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда тараптар бұл процеске 2024 жылдың бірінші тоқсанында Вильнюсте жоспарланған Қазақстан-Литва Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы келесі отырысының қызметі ықпал ету керек деп келісті.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан мен Литва арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық негізіндегі әріптестікті одан әрі нығайту бағытына өзара бейілділік расталды.