Мазмұны:
2023 жылғы 10 қазанда Әзербайжанның Шуша қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 27-ші отырысы өтеді, оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2023 жылғы қарашада Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) өтетін Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 16-шы саммитіне дайындық.
Отырыс барысында тараптар Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымы – 10 мемлекет, яғни Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан кіретін аймақтық мемлекетаралық экономикалық құрылым. Қазақстан 1992 жылдан бастап Ұйым мүшесі.
2023 жылғы 11 қазанда Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXI отырысы өтеді.
Съезд жұмысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм, бахаи, сондай-ақ әлемнің 20-дан астам елінен келген халықаралық және діни ұйымдар өкілдерінің әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани көшбасшылары қатысады деп күтілуде.
Хатшылық отырысы шеңберінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің идеялары мен қорытынды декларациясын ілгерілету мәселелерін талқылау, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 2023-2033 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасын қарау және қабылдау жоспарлануда.
Съезд қарсаңында 2023 жылғы 10 қазанда Съезд Хатшылығы Жұмыс тобының отырысы өтеді.
2023 жылғы 11 қазанда Түркістан қаласында туризмге жауапты Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) министрлерінің 8-ші кездесуі жоспарлануда.
Кездесуде Ұйымға мүше мемлекеттері мен бақылаушыларының ірі қалалары арасындағы тікелей рейстерді ұлғайту, «Жібек жолы» туристік әлеуетін ұлғайту, сондай-ақ туристік саланы дамыту мәселелері қаралатын болады.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» халықаралық туристік форумы ұйымдастырылады.
2023 жылғы 12 қазанда Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысады.
Іс-шара барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті аспектілері, ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективалары талқыланады.
Өткен жылы Астанада өткен ТМД саммиті барысында Мемлекет басшымыздың бастамаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, ТМД-да Серіктес және Байқаушы институттарын құру туралы шешімді мақұлдау жоспарлануда.
Ағымдағы жылы ТМД-да төрағалықты Қырғызстан іске асыруда.
2023 жылғы 9-10 қазанда Қазақстанға Литва Сыртқы істер министрінің орынбасары Йовита Нелюшпене және Литва Кеден департаментінің Бас директоры Дариус Жвиронас басқаратын Литва Республикасының делегациясы келеді.
Литвалық делегация саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде және басқа да бейінді ведомстволарда кездесулер өткізеді.
2023 жылғы 10 қазанда Астана қаласында Қазақстан мен Польша сыртқы саяси ведомстволарының бейінді департаменттерінің желісі бойынша саяси консультациялар өтеді.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды талқылайды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның батысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған қатты жер сілкінісі туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдады.
Осы қиын сәтте қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ бүкіл ауған халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Жарақат алған Ауғанстанның барлық азаматтарына тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Осыған байланысты қазақстандық тарап ауған халқына тиісті жедел көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдейміз.
Үстіміздегі жылдың 7 қазанында Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті.
Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс жедел желісі ашылды.
Осы екі күн ішінде отандастарымыздан 500-ден астам қоңыраулар мен сұраулар келіп түсіп, оларға жауап берілді. Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшіліктің консулдық есебіне 77 азамат тіркелген (Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда). Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 5 студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық жергілікті түрлі медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтуде (барлығы 112 адам).
Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста және олармен өзара жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде арнайы чат құрды. Қазіргі уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық ҚР азаматы қосылған. Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты, ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарымызға әртүрлі мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Израильдегі барлық азаматтарымыз сабырлық сақтап, дипломаттарға қажетті ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының барлық талаптары мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап келеді.
Бүгінгі таңда бізге Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан Елшілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ оларды одан әрі қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастыру бойынша пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірді. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы Халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлаймыз.
Бұл ретте, осы бір-екі күн ішінде Үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репатриациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр.
Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің болжамы бойынша Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Шетелдегі отандастарымыздың назарына, Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық мекемелерінде консулдық есепке тұру қажеттілігіне тағы да еске саламыз. Бұл процедура ерікті түрде және тегін жасалады, сондай-ақ қашықтықтан жасауға да болады. Есепке тұру үшін консулға тиісті ақпаратты, яғни төлқұжаттың көшірмесін, байланыс деректерін және тұрғылықты мекен-жайын жіберу қажет. Бұл ақпарат дипломаттарға төтенше жағдайларда біздің азаматтармен жедел байланыс орнатуды және қажетті көмек көрсетуді әлдеқайда жеңілдетеді.
ҚР СІМ жедел желісі:
+7 (7172) 72-05-00.
Қазақстанның Израильдегі Елшілігінің жедел желісі:
+972 55 273 38 13;
+972 (3) 741-78-05;
+7 (700) 111-31-96 (мессенджер).