Астана, 2023 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Иордан Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Хамза Әл-Омариден сенім грамоталарының көшірмесін қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты арттыру қадамдары туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар, дипломаттар алдағы бірлескен іс-шаралардың, соның ішінде биыл жоспарланған Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы 5-ші отырысының күн тәртібін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы саяси диалогты кеңейту және іскерлік байланыстарды дамыту бойынша күш-жігерді жалғастыруға келісті.
Биыл Қазақстан мен Иордания дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30-жылдығын толуын атап өтуде. Осы жылдар ішінде Астана мен Амман екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жоғары деңгейде сенімді әріптестікті орнатты.