Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 10 шілде

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 10 шілде

Мазмұны:

  1. Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы туралы;
  2. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы күрес басқармасы басшысының Қазақстанға алдағы сапары туралы;
  3. ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары бастаған қазақстандық делегацияның Вашингтонға сапары туралы;
  4. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарттың күшіне енуі туралы;
  5. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) 2022 жылғы Дүниежүзілік инвестиция есебі туралы.

 

  1. Орталық Азиядағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы туралы

2023 жылғы 13-14 шілде аралығында «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» тақырыбында Орталық Азия Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтеді. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) форумның алаңында әлемнің 25 елінен танымал зиялы қауым өкілдерін жинайды. Іс-шара Мюнхен қауіпсіздік конференциясы, IISS-Shangri La Dialogue, Raisina Dialogue, Примаков оқулары және Астана Халықаралық форумы сияқты жыл сайынғы алаңдардың жаһандық экожүйесінің бөлігі болмақ.

Іс-шара әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының көрнекті ойшылдары мен саясаттанушыларының диалогы мен өзара іс-қимылының жаңа форматтарын көрсетеді. Форум Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылады.

Спикерлер қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала, Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтының вице-президенті Нарушиге Мичишита, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран СІМ Саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті Мухаммад Хасан Шейх Әл Ислами, Катардағы Джорджтаун университетінің мемлекеттік саясат профессоры, Араб зерттеулер және саяси зерттеулер орталығының ирандық зерттеулер бөлімінің бастығы Мехран Камрава және т.б. бар.

 

  1. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы күрес басқармасы басшысының Қазақстанға алдағы сапары туралы

2023 жылғы 12-14 шілдеде Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Владимир Воронков және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Терроризмге қарсы комитеті Атқарушы директоратының атқарушы директоры Наталья Герман сапармен келеді. Олардың сапарлары Қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша Орталық Азия Форумына қатысуына орайластырылған.

Сапар шеңберінде олар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеумен кездеседі. Тараптар терроризмге қарсы күрес, зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу және оған қарсы тұру мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттеріне арналған БҰҰ Терроризмге қарсы күрес басқармасының бағдарламалық қолдауын талқылайды.

Сол күні Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Талғат Қалиев пен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары төрағалығымен Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпуска және халықаралық ұйымдарға арналған брифинг өтеді. Іс-шара БҰҰ Терроризмге қарсы күрес басқармасының жұмысы туралы хабардарлықты арттыруға және Орталық Азия мемлекеттеріне жаңа тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұруға көмектесуге бағытталған.

 

  1. ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары бастаған қазақстандық делегацияның Вашингтонға алдағы сапары туралы

Ү.ж. 11-14 шілде аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров бастаған қазақстандық делегацияның Вашингтонға сапары өтеді. Делегация құрамына Парламент Мәжілісінің, Президент Әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ведомстволардың өкілдері кірді.

Ақ үйде, Капитолийде және Мемлекеттік департаментте кездесулер барысында күн тәртібіндегі ағымдағы мәселелерді және ҚР мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын талқылау жоспарлануда. Сондай-ақ американдық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) және ой-талқы орталықтарымен пікірталастар қарастырылған.

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарттың күшіне енуі туралы

2023 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарт күшіне енді.

Шартқа 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында екі мемлекет басшылары қол қойды.

Осы Шарттың күшіне енуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық шегендеудің 19 жылдық процесінің толық аяқталуын білдіреді.

Бұл оқиғаның алдында Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан шегендеу комиссиясы шеңберінде өткен келіссөздердің 100 раунды болды. Ұзындығы 2357 км шекара сызығы 1301 шекаралық белгімен белгіленіп, көлемі 8000 парақтан астам шегендеу құжаттарда көрсетілген.

Осы оқиға мемлекеттік шекара ауданында қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, екіжақты, өңіраралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды ресімдеу процесінің оңтүстік бағытта аяқталуын білдіреді

 

  1. Қазақстан – посткеңестік кеңістікте инвестиция тарту бойынша көшбасшы (ЮНКТАД)

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) 2022 жылғы Дүниежүзілік инвестиция есебін жариялады. Есепке сәйкес, соңғы 5 жылда Қазақстанға тікелей шетел инвестицияның (ТШИ) таза ағыны рекордтық 6,1 млрд АҚШ долларға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 83%-ға жоғары. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Орталық Азияға таза тікелей шетел инвестицияларының (ТШИ) ағыны 39%-ға өсіп, 10 млрд АҚШ долларын құрады, оның 61%-ы Қазақстанға келгенін атап өту маңызды.

Сондай-ақ теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елде таза ТШИ-нің 6%-ға артуы байқалады, оның ішінде Қазақстан да көшбасшы (6,1 млрд). Одан кейін Эфиопия (3,7 млрд), Өзбекстан (2,5 млрд) және Моңғолия (2,5 млрд) тұр.

Сонымен қатар, Қазақстан 2015-2022 жылдар аралығында жаңартылатын энергия жобаларына таза инвестиция тарту бойынша 56,3 млрд АҚШ доллар көрсеткішімен әлемнің дамып келе жатқан экономикалары арасында 5-ші орынға шықты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) сауда және инвестиция саласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі органы. БҰҰ жүйесінде UNCTAD сауда, қаржы, технология, инвестиция және тұрақты дамудың және соған байланысты мәселелері бойынша орталық рөлін атқарады.