Қазақстан Республикасының Астана форматындағы Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 20-шы халықаралық кездесуді өз аумағында келіссөздер процесінің мәресі деп жариялауы келесіге негізделіп отыр.
Бұл форматтың Женева процесіне қосымша келіссөздер алаңы ретінде құрылғаны және қақтығысты тоқтату үшін нақты практикалық міндеттерді шешуге арналғаны мәлім.
Осы тұрғыда қазіргі уақытта оның деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және ауқымды гуманитарлық дағдарыстың алдын алуы тәрізді бастапқы мақсаттары орындалды.
Бүгінгі таңда Таяу Шығыс аймағындағы саяси ахуал түбегейлі өзгеруде. Араб мемлекеттерінің Дамаскімен қарым-қатынастарды қалпына келтіруге ұмтылыстары байқалады. Сирияның Араб мемлекеттерінің лигасындағы мүшелігі қайтарылды.
Бауырлас Түркия Республикасы достас Сириямен өз қарым-қатынастарын оңалтуға ниетті.
Осыған байланысты Сирияның аймақтағы оқшаулаудан біртіндеп шығуын Сирия бойынша Астана процесі аясында жұмсалған күш-жігердің зор нәтижесі деп сеніммен айтуға болады.
Дегенмен, егер Астана форматындағы Сирия бойынша халықаралық кездесулерге қатысушылар тарапынан Астана қаласында келіссөздерді жалғастыру туралы ортақ өтініш түскен жағдайда, Қазақстан басқа алаңдардағы келіссөздердің барысын және жалпы Сириядағы жағдайды ескере отырып, бұл процесті ізгі ниет әрекеті ретінде қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға дайын.