Қазақстан СІМ-де БҰҰ Даму бағдарламасымен көпжоспарлы ынтымақтастық талқыланды

Қазақстан СІМ-де БҰҰ Даму бағдарламасымен көпжоспарлы ынтымақтастық талқыланды

Астана, 2023 жылғы 9 маусым – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Еуропа мен ТМД үшін Өңірлік бюросының директоры Ивана Живковичпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. «БҰҰДБ-мен өзара іс-қимыл Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) тұрғысынан БҰҰ жүйесі шеңберіндегі ынтымақтастығымыздың басым бағыттарының бірі болып табылады және біз БҰҰДБ-ның мемлекетіміздің дамуына қосқан үлесін бағалаймыз», – деді Қ. Омаров.

Тараптар БҰҰДБ-ның Қазақстанда қызметінің 30 жылдығының қорытындыларын, сондай-ақ кедейлікпен күресуге, әлеуметтік осалдық пен теңсіздікті жоюға, климаттың өзгеруіне төзімділікке, төмен көміртекті дамуға, тиімді және есеп беретін институттарға, сондай-ақ әртараптандырылған экономикалық өсуге бағытталған жобаларды іске асыруды егжей-тегжейлі талқылады.

Қазақстандық дипломат еліміз Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін айтты. Бұл ретте, сондай-ақ БҰҰ даму жүйесін реформалау шеңберінде Қ. Омаров Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін ОДМ бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі қазақстандық бастаманың маңыздылығын атап өтті.

И. Живкович көптеген жылдар ішінде Қазақстан мен БҰҰДБ арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімді позитивті бағалап, еліміздің БҰҰДБ қызметінің басым бағыттары бойынша қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. «Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін БҰҰДБ-мен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенімдімін», – деп атап өтті ол.

Ынтымақтастықтың келесі кезеңін дамыту аясында тараптар Қазақстанның жаңадан құрылған облыстарын қолдау және БҰҰДБ мандаты шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды талқылады.

Анықтама: БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) 1965 жылы құрылған және БҰҰ-ның барлық агенттіктерін дамыту саласындағы күш-жігерді үйлестіруде басты рөл атқарады. Бағдарламаның штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан, әлемнің 166 елінде өз бөлімшелері бар.

БҰҰДБ – Қазақстан аумағында жұмыс істейтін БҰҰ-ның ең ірі агенттігі. БҰҰ-ның басқа агенттіктеріне операциялық қызметтерді ұсынады, олардың шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар БҰҰ жүйесіндегі немесе жүйесінен тыс басқа ұйымдар үшін қорларды басқарады.

БҰҰДБ қызметінің негізгі мақсаты – адамның орнықты дамуын қамтамасыз ету, яғни кедейлікті жою, жұмыспен қамтуды ұлғайту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, білім беру жүйесін жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтіру.