Қазақстан мен БҰҰ АТМЭӘК одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен БҰҰ АТМЭӘК одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана, 2023 жылғы 8 маусым – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Азия және Тынық мұхит үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) Атқарушы хатшысы Армида Алисжабанамен кездесті.

Қ. Омаров еліміз мен АТМЭӘК арасындағы сауда және транзиттік-көліктік логистика, экономикалық интеграция, энергетика және цифрландыру сияқты салалардағы ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі орнықты даму жөніндегі күн тәртібін ұлттық әрі өңірлік деңгейде де белсенді түрде іске асыруды жалғастыруға ниетті екені атап өтілді. «Орталық Азия аймағында орнықты дамуды құру, оның ішінде Алматыда БҰҰ Өңірлік хабын құру арқылы аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізі болуы керек және БҰҰ-ның мұндай тәжірибесін әлемнің басқа аймақтарында қолданудың үлгісі болуы мүмкін», – деді қазақстандық дипломат.

Өз кезегінде БҰҰ АТМЭӘК басшысы Комиссияның қызметіне үздіксіз қолдау көрсеткені үшін, сондай-ақ Орталық Азиядағы орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру сияқты өзекті бастама үшін Қазақстанға алғыс білдірді. А. Алисджабана ағымдағы жылдың мамыр айында Комиссияның 2024 жылы Астанада өтетін Цифрлық трансформация және инклюзия бойынша АТМЭӘК-тың бірінші министрлік конференциясын өткізу туралы қарарының қабылданғанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Тараптар өңірдегі климаттық жағдайдың нашарлауы, сондай-ақ су ресурстарын ауылшаруашылық және өнеркәсіптік мақсатта белсенді пайдалану аясында су-энергетика секторындағы, оның ішінде Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын өзара растады.

Анықтама: ЭСКАТО – Біріккен Ұлттар Ұйымының бес аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының бірі. Комиссия аймақтық және субөңірлік ынтымақтастық арқылы Азия-Тынық мұхиты елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу үшін құрылған. Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағындағы көлік-коммуникациялық бағыттарды дамыту бойынша ЭСКАТО қызметіне белсенді түрде қатысады.