Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 5 маусым

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 5 маусым

Мазмұны:

  1. Алдағы Астана халықаралық форумы туралы;
  2. Босния мен Герцеговина Президиумы Төрағасының алдағы сапары туралы;
  3. АҚШ сауда миссиясының Қазақстанға алдағы сапары туралы;
  4. Алғашқы қазақстандық-француз декарбонизация күні туралы;
  5. Халықаралық ұйымдар өкілдерінің сапарлары туралы

 

 

  1. Алдағы Астана халықаралық форумы туралы

2023 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Астана халықаралық форумы өтеді.

«Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» атты форумның тұжырымдамасы сыртқы саясат, қауіпсіздік және тұрақтылық, энергетика мен климат, сондай-ақ экономика және қаржы сияқты төрт негізгі жаһандық мәселені шешуге арналған. Форум бағдарламасына негізгі баяндамалар, панельдік сессиялар, сондай-ақ пікірталастар кіреді.

Форум үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, бизнестің және академиялық топтардың жоғары деңгейдегі делегаттарына диалог жүргізу, әлемдегі өзекті және жаһандық проблемалардың шешімдерін іздеу үшін алаң ұсынады.

Форумның жоғары қонақтарының қатарында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәни, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хельга Шмид, Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық Мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссияның Атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және тағы басқалары бар.

 

  1. Босния мен Герцеговина Президиумы Төрағасының алдағы сапары туралы

2023 жылғы 7-11 маусым аралығында Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желко Цвиянович Астана халықаралық форумына қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді.

Сапар барысында мемлекет басшылығымен және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Спикері Ерлан Қошановпен кездесулері жоспарланған.

Жоғары деңгейдегі кездесулерде екіжақты қатынастардың, халықаралық ынтымақтастықтың және өңірлік саясаттың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау көзделеді.

 

  1. АҚШ сауда миссиясының алдағы сапары туралы

2023 жылғы 3-9 маусым аралығында Астана халықаралық форумына қатысу үшін АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Куш Чокси бастаған АҚШ сауда миссиясының сапары өтеді.

Сапар аясында сауда миссияның Қазақстанның бірқатар министрліктерінің басшыларымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровпен кездесулері жоспарланған.

Сонымен қатар ү.ж. 7 маусымда ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстандық-американдық инвестициялық дөңгелек үстел өтеді.

 

  1. Алғашқы қазақстан-француз декарбонизация күні туралы

2023 жылғы 7 маусымда Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының қолдауымен Назарбаев Университетінде алғашқы қазақстандық-француз «Декарбонизация күнін» ұйымдастырады. Іс-шараның басты мақсаты – компаниялардың төмен көміртекті шешімдер саласындағы ынтымақтастығы үшін мүмкіндіктерді анықтау.

«Декарбонизация күні» Франция мен Қазақстан арасындағы көміртекке тәуелділікті азайту мәселесіндегі ынтымақтастықты дамытудың алғашқы алаңы болмақ. Айта кетейік, екі ел де 2050 және 2060 жылдарға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін өршіл мақсаттар қойды.

Іс-шара энергетикалық ауысу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған, ол үкімет өкілдерін, ұлттық компаниялар мен «Eurasian Resources Group», «Total Energies», «Air Liquide», «Orano» сияқты бизнес-көшбасшыларды, сондай-ақ «ECOJER», «IGTIC» сияқты экологиялық ұйымдарды, ғалымдарды мен басқа да қатысушыларды біріктіреді. Іс-шара ақпаратпен алмасуға және төмен көміртекті экономикаға көшу мәселелерінің шешімін табуға ықпал етеді.

Сала сарапшылары Қазақстанның энергетика және өнеркәсіп секторларындағы көміртекке тәуелділікті азайту жөніндегі әлеуеті мен мүмкіндіктерін талқылайды.

 

 

  1. Ұлыбритания ресми тұлғаларының Қазақстанға алдағы сапарлары туралы

2023 жылғы 6 маусымда Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Лео Докерти Алматыға жұмыс сапармен келеді.

Сонымен қатар 8-9 маусымда Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасы Қорғаныс комитетінің төрағасы Тобиас Эллвуд Астана халықаралық форумына қатысады.

Сапарлар аясында британ ресми тұлғаларының Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерімен бірқатар кездесулері жоспарланған.