Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балаларға арналған іс-шара өткізді

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балаларға арналған іс-шара өткізді

Астана, 2023 жылғы 1 маусым – Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы елорда әкімдігінің қолдауымен «Бәйтерек» монументінің алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар бейбітшілік туралы сурет салады» атты мерекелік іс-шара өткізді.

Халықаралық балалар күні – ескі халықаралық мерекелердің бірі. Оны өткізу туралы шешім 1925 жылы Женевада өткен балалардың игілігіне арналған Дүниежүзілік конференциясында қабылданды. Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны 1994 жылы ратификациялады.

Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық корпус пен Қазақстандық дипломаттар бірлестігі өкілдерінің балаларына жылы лебіздерін ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Жан Ғалиев, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур Ван Дизен және Палестина Мемлекетінің Елшісі, дипломатиялық корпустың дуайены доктор Монтасер Абузейд білдірді.

«Осы шуақты, жаздың бірінші күні бүкіл әлемнің балалары ата-аналарының бақытты, сүйіспеншілікке толы жүздерін көрсін, бейбіт аспан астында өмір сүрсін. Әр баланың болашағы жарқын болсын!», – деп Ж. Ғалиев тілегін жеткізді.

ЮНИСЕФ өкілі Қазақстан балаларының болашағы үшін әріптестік пен ортақ нәтижелі жұмысты атап өту мақсатында осы күнді бірлесіп мерекелеу игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

Қазақстандық дипломаттар бірлестігі атынан барлық балаларға бейбітшілік тақырыбындағы жерде бормен салынған, Астананың басты алаңдарының бірін безендірген суреттері үшін сыйлықтар мен естелік дипломдар табыс етілді.