Еуропалық одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форум аясында ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері талқыланды

Еуропалық одақ – Орталық Азия екінші экономикалық форум аясында ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері талқыланды

Алматы, 2023 жылғы, 18 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Алматы қаласында өз жұмысын бастаған ЕО-Орталық Азия екінші экономикалық форумының бизнес-сессиясының ашылуында сөз сөйледі.

Р. Василенко Мемлекет басшысымыз жүргізіп отырған сыртқы саясаттың басымдықтарының бірі Қазақстан мен Орталық Азияны жаһандық деңгейде ілгерілету болып табылатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат атап өткендей: «Соңғы онжылдықта Еуропалық одақ Орталық Азияға 120 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды, олардың 70%-ы Қазақстанға тиесілі. Еуразия континентінің ортасында орналасқан Орталық Азия 80 миллионға жуық халқы бар өсіп келе жатқан нарық ретінде танымал. Транзиттік мүмкіндіктердің, геосаяси орналасудың, «жасыл» және жаһандық энергетиканы қолдау әлеуетіміздің болашағы зор. Біз барлық тараптарды осы күш-қуатты дамытуға шақырамыз». Сонымен қатар ол тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еуроодақтан 170 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылғанын баса айтты.

Форумға қатысу аясында Р. Василенко Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Жаһандық мәселелер жөніндегі вице-канцлері Март Волмермен және Румыния Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Юлиан Фотамен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийартомен және Латвияның Көлік министрі Янис Виттенбергпен сұхбат өткізді.

Еуропалық серіктестермен әңгіме барысында көлік, инфрақұрылым, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, сирек жер металдары сияқты бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен әлеуеті талқыланды.

Кездесу барысында Ю. Фота: «Қазақстан тек Румыния үшін ғана емес, бүкіл Еуропалық одақ үшін өңірдегі басты және ірі сауда серіктесі болып табылады, сондықтан біз ЕО-ның Орталық Азиямен, атап айтқанда, Қазақстанмен өзара байланысының ерекше маңыздылығын жақсы түсінеміз», – деп атап өтті.

Әңгімелесушілер көпжоспарлы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің және сыртқы саяси ведомстволар басшылары деңгейінде диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.