Мазмұны:
1) ҚР Энергетика министрі Б. Ақшолақовтың «CERA Week» энергетика жөніндегі конференциясына қатысуы туралы;
2) ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ. Омаровтың БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының 66-шы сессиясына қатысуы туралы;
3) Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысы туралы;
4) Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлерінің алдағы кеңесі туралы;
5) БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссары Ф. Тюрктың Қазақстанға алдағы сапары туралы;
6) Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, Достастық және даму министрі Дж. Клеверлидің Қазақстанға алдағы сапары туралы.
2023 жылғы 6-8 наурызда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен «CERA Week» энергетика конференциясының жұмысына қатысты. Іс-шара аясында Қазақстан делегациясы АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетикалық ресурстар жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайеттпен және «Chevron», «Exxon Mobil», «ENI» және т.б. компаниялардың басшылығымен кездесулер мен келіссөздер өткізді.
Тараптар энергетикалық қауіпсіздік, мұнай-газ индустриясы, электр энергетикасы және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Айта кететін жайт, АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенбергпен кездесу санкциялық режим мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді, бұл сонымен қатар «Береке банкті» санкциялық тізімдерден шығаруды реттеуге ықпал етті, ол туралы шешім ағымдағы жылдың 8 наурызында жарияланды.
2023 жылғы 13-17 наурыз аралығында Вена қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ Есірткі заттар комиссиясының 66-шы сессиясына қатысады. Іс-шарада қазақстандық делегация басшысының ұлттық баяндамасымен сөз сөйлеуі күтілуде.
Бұдан басқа, Венаға іссапар барысында БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және шетелдік делегациялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
Қазақстандық делегация басшысы сондай-ақ 2023 жылғы 14 наурызда БҰҰ Есірткі заттар комиссиясының 66-шы сессиясы шеңберінде жоспарланған Есірткі құралдар, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының іс-шарасында сөз сөйлейді.
Іс-шаралар барысында нашақорлыққа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың ағымдағы жағдайы мен алдағы қадамдар талқыланады және баяндамалар тыңдалады.
2023 жылғы 16 наурызда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Қазақстаннан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров қатысады.
Отырысқа қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекеттер басшыларының алдағы саммитіне дайындық мәселелерін талқылайды, сондай-ақ мемлекет басшыларының қол қоюы жоспарланған құжаттардың түпкілікті жобаларын бекітеді.
2023 жылғы 16-17 наурызда Нуакшот қаласында (Мавритания) Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыштың қатысуымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 49-шы сессиясы өтеді.
Аталған іс-шара шеңберінде Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүше мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
2023 жылғы 16-17 наурыз аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссары Фолькер Тюрктың Астана қаласына жұмыс сапары өтеді.
Ф. Тюрктың мемлекет және Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесулері жоспарлануда.
Сонымен қатар, Жоғары комиссар биыл атап өтілетін Адам құқықтары жөніндегі дүниежүзілік декларацияның 75 жылдығына және Іс-қимыл жоспары бойынша Вена декларациясының 30 жылдығына арналған Қазақ мемлекеттік заң университетінде дәріс өткізеді.
17 наурызда БҰҰ-ның ғимаратында сапардың нәтижелері бойынша қорытынды баспасөз брифингі өтеді.
2023 жылғы 17-18 наурызда Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, достастық және даму министрі Джеймс Клеверлидің Қазақстанға сапары өтеді.
Астанада Дж. Клеверли Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қабылдауларында болады, сонымен қатар Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен келіссөздер ұйымдастырылады.
Сапар аясында Астана саябақтарының бірінде II Елизавета атындағы сквердің ашылуы көзделуде.