Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 6 наурыз

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 6 наурыз

Мазмұны:

1) Ұлыбритания Премьер-Министрінің сауда өкілі баронесса Николсон Винтерборнның Қазақстанға сапары туралы;

2) ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И. Роговтың Венеция комиссиясының 134-ші пленарлық сессиясына қатысуы туралы;

3) ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ. Омаровтың БҰҰ Ең төмен дамыған елдер бойынша бесінші конференциясына қатысуы туралы;

4) БҰҰ-ның Қазақстанда болғанына 30 жылдығына арналған бірлескен брифинг туралы;

5) Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында Адам құқықтары жөніндегі диалогтың және Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің кезекті отырыстары туралы;

6) ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының алдағы ҚР Парламентіне сайлауды байқау жөніндегі миссияның аралық есебі туралы.

 

  1. Ұлыбритания Премьер-Министрінің сауда өкілі баронесса Николсон Винтерборнның Қазақстанға сапары туралы

2023 жылғы 1 наурызда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ұлыбритания Премьер-Министрінің сауда өкілі баронесса Николсон Винтерборнмен кездесу өткізді.

Тараптар Ұлыбритания мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, С. Жұманғарин елдеріміз арасында сыртқы саяси ведомстволар басшылары деңгейіндегі Стратегиялық диалог, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия, Ұлыбритания Парламентіндегі Қазақстан бойынша барлық партиялық парламенттік топ пен Іскерлік кеңесті қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықтың тиімді тетіктері құрылғанын атап өтті.

Экспортты ұлғайту мақсатында қазақстандық сарапшылар Ұлыбритания нарығына экспортты ұлғайту әлеуеті бар шикізаттық емес тауарлардың тізбесін дайындады.

 

  1. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И. Роговтың Венеция комиссиясының 134-ші пленарлық сессиясына қатысуы туралы

2023 жылғы 9-11 наурызда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Қазақстаннан Венециялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов Италияда Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократияға Еуропалық комиссияның (Венециялық комиссиясы) 134-ші пленарлық сессиясының жұмысына қатысады.

Пленарлық сессияда жекелеген мемлекеттердің (Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Украина) заңнамалық актілері жөніндегі комиссияның қорытындыларын қабылдау туралы мәселелерді қарау жоспарлануда. Сондай-ақ, Венециялық комиссиясы сарапшыларының ү.ж. сәуір айында Еуропа Кеңесінің бастамасымен белгіленген Орталық Азия елдерінің прокурорлары, адвокаттары мен омбудсмендері қатысатын азаптаудың алдын алу мәселесі бойынша халықаралық дөңгелек үстелге қатысуы туралы мәселені талқылау көзделуде.

 

  1. ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қ. Омаровтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Ең төмен дамыған елдер бойынша бесінші конференциясына қатысуы туралы

2023 жылғы 5-7 наурызда ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Доха қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ең төмен дамыған елдер бойынша бесінші конференциясына қатысуда.

Қазақстандық делегация басшысының жалпы пікірталас шеңберінде сөз сөйлеуі, сондай-ақ БҰҰ басшылығымен және шетелдік делегациялар басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулерді өткізу жоспарлануда.

Бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ-ның Ең төмен дамыған елдер бойынша бесінші конференциясын шақыруға және оны екі кезеңде – 2022 жылғы 17 наурызда Нью-Йорктегі БҰҰ Орталық мекемелерінде (бірінші кезең) және 2023 жылғы 5-9 наурызда Дохада (екінші кезең) өткізуге қаулы етті.

Конференцияның бірінші кезеңінде Ең төмен дамыған елдер үшін Доха іс-қимыл бағдарламасы қабылданып, оны Бас Ассамблея өз қарарында мақұлдады.

 

  1. БҰҰ-ның Қазақстанда болғанына 30 жылдығына арналған бірлескен брифинг туралы

2023 жылғы 10 наурызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында БҰҰ-ның Қазақстанда болуының 30 жылдығына орай брифингі және 2021-2025 жылдарға арналған БҰҰ Орнықты даму мақсатындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасының атқарушы комитетінің отырысы өтеді.

Іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ агенттіктерінің басшылары мен дипломатиялық корпус қатысады.

Айта кететітн жайт, БҰҰ Орнықты даму мақсатындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы – БҰҰ агенттіктерінің, министрліктердің, азаматтық қоғам мен жеке сектор өкілдерінің стратегиялық серіктестерінің негізгі ресурстарын біріктіру арқылы 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне қол жеткізудің негізгі құралы.

Соңғы 30 жылда БҰҰ Қазақстанда ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде теңсіздікті азайту, институттарды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, ең осал топтар – балалар, әйелдер, қарттар, мигранттар мен босқындарды қолдау сияқты көптеген салаларда 400-ден астам жобаларды жүзеге асырды.

 

  1. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында Адам құқықтары жөніндегі диалогтың және Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің кезекті отырыстары туралы

2023 жылғы 9-10 наурызда Брюссель қаласында Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев бастаған қазақстандық делегация «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Адам құқықтары жөніндегі диалогтың 14-ші отырысына және Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің 20-шы отырысына қатысады.

Адам құқықтары жөніндегі диалог аясында тараптар адам құқықтарын және азаматтық қоғамды қорғаудың ұлттық институттарын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасуға ниетті.

Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің отырысы барысында заң үстемдігін нығайту, сот жүйесін басқару және реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ көші-қон, шекараны басқару, соның ішінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер, адам саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелерін жан-жақты талқылау көзделеді.

 

  1. ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының алдағы ҚР Парламентіне сайлауды байқау жөніндегі миссияның аралық есебі туралы

2023 жылғы 3 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы алдағы ҚР Парламентіне сайлауды байқау жөніндегі миссияның аралық есебін жариялады.

Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы байқаушыларының миссиясы сайлау процестерін ұйымдастыру шарттарын және олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін талдайды. Аталған есепте сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылған сайлау жүйесінің реформасына оң баға беріп, оның кейбір ережелері Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының алдыңғы ұсынымдарына сәйкес келетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл сайлау шегін төмендету, тікелей дауыс беру арқылы толық сайланатын Мәжілісті енгізу, сондай-ақ партияларды тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының сайлауды ұйымдастыру жөніндегі жұмысы оң бағаланады және Интернетте әрі көптеген кандидаттары бар бір мандатты сайлау округтерінде қызу сайлау науқаны атап өтіледі. Есепті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының сайтында толығымен көруге болады. Сайлау процесін ұйымдастыру бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, оларды тікелей Орталық сайлау комиссиясына жіберуді сұраймыз.