Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 27 ақпан

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 27 ақпан

Мазмұны:

  • Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Алматыдағы БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен және дипломатиялық корпуспен кездесуі туралы;
  • Финляндия Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрінің Астанаға жұмыс сапары туралы;
  • АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға ресми сапары туралы;
  • Қазақстандық делегацияның Қосылмау қозғалысының саммитіне қатысуы туралы;
  • Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрінің Франция мен Бельгияға жұмыс сапары туралы;
  • ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы;
  • Шенген визасын беру кезінде азаматтар үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесіне Қазақстанды енгізу мәселесі туралы.

 

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Алматыдағы БҰҰ агенттіктерінің өкілдерімен және дипломатиялық корпуспен кездесуі туралы

2023 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев БҰҰ агенттіктерінің басшыларымен және оңтүстік астанада аккредиттелген дипломатиялық корпуспен бірлескен кездесу өткізді.

Алматыдағы халықаралық ұйымдарының кеңсесіне бару барысында ғимаратқа «UN Plaza» атауын беру рәсімі өтті. Бұл ғимараттың ресми инаугурациясы 2019 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы БҰҰ ғимаратында штаттық саны 120 адамнан асатын 18 агенттік орналасқан.

БҰҰ өкілдерімен кездесу барысында М. Тілеуберді БҰҰ-ның Қазақстанда болғанына 30 жыл толуымен құттықтап, осы кезеңдегі еліміз бен жаһандық Ұйым арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды.

 

  1. Финляндия Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрінің Астанаға жұмыс сапары туралы

2023 жылғы 23-24 ақпанда Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі, Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Вилле Скиннаридің Астанаға жұмыс сапары өтті.

Сапар шеңберінде В. Скиннари Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қабылдауларында болып, Экология және табиғи ресурстар министрі, ҮАК тең төрағасы Зульфия Сүлейменовамен, Энергетика министрі Болат Ақшолақовпен, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щегловамен келіссөздер өткізді.

 

  1. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Қазақстанға ресми сапары туралы

2023 жылғы 28 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтеді. Астанада болу кезінде Мемлекеттік хатшыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап және Қазақстан Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөздер жүргізеді.

Сол күні Астанада Э.Блинкеннің қатысуымен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларының «С5+1» форматындағы министрлік кездесуі өтеді. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің СІМ басшылары өздерінің қатысуын растады.

«С5+1» министрлік кездесуінде Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен экономика, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылау жоспарлануда.

Бүгінгі таңда «С5+1» тетігі өзін Орталық Азияның көпжоспарлы дамуын қамтамасыз ету ісінде өңірлік ынтымақтастыққа ықпал ететін тиімді дипломатиялық платформа ретінде көрсетті.

 

  1. Қазақстандық делегацияның Қосылмау қозғалысының саммитіне қатысуы туралы

2023 жылғы 1-3 наурыз аралығында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі Қосылмау қозғалысының байланыс тобының отырысына қатысады. Іс-шара Әзербайжан Республикасының төрағалығы аясында Баку қаласында өтеді және жаһандық постковидтік қалпына келтіру тақырыбына арналады.

Қазақстандық делегация басшысының жалпы пікірсайыс шеңберінде сөз сөйлеуі, сондай-ақ шетелдік делегациялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулері күтілуде.

1961 жылы құрылған Қосылмау қозғалысы қазіргі таңда Азия, Африка, Латын Америка, Еуропа және Океанияның 120 мемлекетін біріктіреді. Ұйымда, Қазақстанды қоса алғанда, тағы 18 байқаушы ел бар.

 

  1. Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Франция мен Бельгияға сапарлары туралы

2023 ж. 25 ақпан - 1 наурыз аралығында ҚР Ауыл шаруышалығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Франция және Бельгияға сапары болады.

Сапардың негізгі мақсаты Парижде өтетін «Ауыл шаруышылығы: күнделікті өмір» тақырыбы бойынша SIA-2023 Халықаралық ауылшаруышылық көрмесіне қатысу. Сапар аясында Франция Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Марк Феномен және бірқатар ірі француз компанияларымен кездесулері көзделген.

Сонымен қатар, ү.ж. 27 ақпанда Е.Қарашөкеев Брюссельде Ауыл шаруашылығы бойынша Еуропалық Комиссар Януш Войцеховскимен және Денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Еуропалық Комиссар Стелла Кириакидеспен кездесетін болады.

 

  1. Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскелері құрылды.

Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік, туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады.

Сонымен бірге, шетелдегі сайлау процесін уақытылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтарын жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын-ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет берулерін сұраймыз, учаскелердің байланыс деректері Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында қолжетімді болады.

 

  1. Шенген визасын беру кезінде азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесіне Қазақстанды енгізу мәселесі туралы

Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы күшіне енген Қазақстан мен Еуропалық одақ пен оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес тараптар ҚР және Еуропалық одақ азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер жүргізу мәселесі бойынша жан-жақты диалог жүргізуге келісті, сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстарға жәрдемдесу және кеңейту міндеттемелерін қабылдады. Бұл ретте, 2017 жылдан бастап Қазақстан Еуропалық одақтың барлық елдерінің азаматтары үшін елімізге келу үшін визасыз режимді енгізді. Қазіргі уақытта СІМ визалық рәсімдерді жеңілдету үшін және азаматтарымыз үшін өзара қолайлы тетіктерді әзірлеу мақсатында еуропалық әріптестерімізбен консультацияларды жалғастыруда. Жақын арада Еуропалық тараптан нақты қадамдар күтеміз.

Жалпы, биылғы жыл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарқынды дамып келе жатқан дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен атап өтілді және тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша біздің әріптестігімізді одан әрі нығайту және ілгерілету үшін жұмыс істеуде.

Жалпы, биылғы жыл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қарқынды дамып келе жатқан дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен атап өтілді және тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша біздің әріптестігімізді одан әрі нығайту және ілгерілету үшін жұмыс істеуде.

Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда, жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Сонымен қатар, Шенген келісімінде «қара» немесе «қызыл» тізім деген ұғым жоқ, бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған.

Мұндай қадам, біз түсінгендей, Шенген келісімінің бір елі сұратты, өйткені Еуропалық одақ ережелеріне сәйкес Еуропалық одақ пен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар.

Мұндай консультациялар жеті күнге созылуы мүмкін. Бұл ретте визалық сауалнамаларды жалпы қараудың стандартты мерзімі бұрынғыдай қалады – 15 күнге дейін, яғни іс жүзінде біздің азаматтарымыз үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер күтілмейді. Қайталап айтқым келеді - іс жүзінде біздің азаматтар үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды.

Азаматтарына қатысты қосымша консультациялар басталуы мүмкін 40 ел кіретін тізім «қара тізім» деп аталмайды, өйткені олардың арасында Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынастары бар және қауіпсіздік жағынан қолайлы Орталық Азияның барлық елдері, Әзербайжан, Армения, Марокко, Тунис, Иордания, Вьетнам сияқты көптеген елдер кіреді.