Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 20 ақпан

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 20 ақпан

Мазмұны:

  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Португалияға сапарының қорытындылары туралы;
  • БҰҰ-ның Қазақстан Республикасында болғанына 30 жыл толуы туралы;
  • Түркияда зардап шеккендер бойынша ағымдағы жағдай туралы;
  • Қазақстан делегациясының ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венадағы қысқы сессиясына қатысуы туралы;
  • ГФР Бундестаг делегациясының Қазақстанға сапары туралы;
  • Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Португалияға сапарының қорытындылары туралы

2023 жылғы 13 ақпанда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Португалия Республикасына сапары өтті. Оның барысында Сыртқы істер министрі Жоау Гомеш Кравиньюмен келіссөздер өткізді және осы елдің бірқатар жетекші компанияларының басшыларымен кездесулері өтті.

Тараптар институционалдық тетіктерді жетілдіру, өзара сауданы әртараптандыру, транзит-көліктік маршруттарды дамыту, сондай-ақ цифрландыру, IT-индустрия, «жасыл» энергетика, туризм, білім беру және т.б. салаларда кооперацияны жандандыру қажеттігін атап өтті.

Ынтымақтастықтың перспективалы салаларын жандандыру, мемлекеттік және бизнес құрылымдар арасындағы тікелей байланыстарды ынталандыру үшін екі елдің Үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңесін тезірек құру қажеттілігі атап өтілді. ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі жеке талқыланды.

Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мұхтар Тілеуберді Португалия Республикасы Ассамблеясының Президенті Аугушту Сантуш Силвамен кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары егжей-тегжейлі талқылады. «Қазақстан - Португалия» парламентаралық достық тобының мүшелерімен дөңгелек үстелде тараптар қазақстандық парламентшілермен өзара іс-қимыл мәселелерін қозғады.

 

  1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасында болғанына 30 жыл толуы туралы

1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына ресми мүше болып, халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісіне айналды.

Бір жылдан кейін 1993 жылғы 16 ақпанда республикамыздың Алматы қаласындағы сәулет ескерткіші «Қазақстан» қонақ үйінде Қазақстандағы БҰҰ өкілдігінің алғашқы офисі ашылды. Ұйымның Қазақстандағы алғашқы Тұрақты өкілі Найджел Рингроуз болды.

Содан бері 30 жыл бойы Қазақстан өзінің көпвекторлы, теңдестірілген сыртқы саясатын жалғастырып келеді және БҰҰ-ның жаһандық халықаралық мәселелерді шешудегі қызметі мен күш-жігерін толық қолдай отырып, оның халықаралық қатынастар архитектурасындағы аса маңызды рөлін жоғары бағалайды.

Аталған кезең ішінде Қазақстан мен БҰҰ мықты әрі өзара тиімді қарым-қатынас орната білді. Бұған еліміздің түрлі салаларында жобалық қызметті жүзеге асырып отырған БҰҰ-ның 21 агенттігінің болуы мен белсенді жұмыс істеуі дәлел.

Осыған байланысты 2023 жылғы 16 ақпанда Алматы қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимаратында «БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметіне 30 жыл: жастардың көзқарасы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Конференцияға құрметті қонақтар ретінде Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ жанындағы ҚР бірінші Тұрақты өкілі, ҚР бірінші Сыртқы істер министрі, СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова қатысты. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшылығының атынан ҚР СІМ Алматы қаласындағы Өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Райымов және БҰҰ-ның Қазақстандағы қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жасин Рашид сөз сөйледі.

 

  1. Түркияда зардап шеккендер бойынша ағымдағы жағдай туралы

Түркиядағы ең ауыр жер сілкінісінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі мекемелеріне ҚР азаматтарынан 1200-ден астам өтініш келіп түсті. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде апат аймағында жер сілкінісі кезінде қалып қалған 190-нан астам отандастарымыздың орналасқан жері анықталды.

Қираған инфрақұрылымды, апатты жағдайды және тұрғын үйлердің толық бұзылуын ескере отырып, біздің дипломаттардың көмегімен отандастарымызды қауіпсіз жерлерге (Анкара және Стамбул қалаларда) жеткізу үшін автобустар ұйымдастырылды, тамақтандырылды және баспана берілді. Қаражаты жоқ кейбір азаматтарға Қазақстанға дейін әуе билеттерін сатып алуға жәрдем көрсетілді.

Отанына оралуға ниет білдірген 78 азаматымыз апат аудандарынан гуманитарлық әуе кемелерімен Астана және Алматы қалаларына жеткізілді. Осы борттармен Қазақстанға 24 Қырғызстан азаматы және елге оралған отандастарымыздың отбасы мүшелері болып табылатын 5 Түркия азаматы жеткізілді. Министрліктің және жергілікті әкімдіктердің көмегімен олар көлікпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ баспанаға мұқтаж азаматтар Алматы және Астанадағы қонақ үйлерге орналастырылды.

2023 жылғы 8 ақпанда Хатай провинциясының Антакья қаласында іздеу жұмыстарының нәтижесінде Түркияның құтқарушыларымен Қазақстан азаматы Сабина Мамадьярова қираған үйден табылып, шұғыл түрде Адана қаласындағы «Ceyhan» ауруханасына жеткізілді. Өздеріңіз білетіндей, оның зақымдалған қолына операция жасалды. Біздің Анталиядағы Бас консулымыз оған жеке барып қайтып, дәрігерімен сөйлесті. Қазір ол әлі дәрігерлердің бақылауында, жанында туыстары бар.

Сонымен қатар, қаза тапқан отандастарымыздың туыстарына мәйіттерді отанға жеткізуге көмек көрсетілді.

Бүгінгі таңда Түркияда жер сілкінісі салдарынан жоғалған ҚР азаматтары туралы қосымша ақпарат келіп түскен жоқ. Дегенмен, дипломаттарымыз жергілікті билікпен байланыста және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімдерін мұқият тексеріп келеді.

 

  1. Қазақстан делегациясының ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венадағы қысқы сессиясына қатысуы туралы

2023 жылғы 23-24 ақпан аралығында Вена қаласында (Австрия Республикасы) өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы Парламенттік Ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПА) қысқы сессиясына ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров бастаған ҚР Парламенті Сенатының делегациясы қатысады.

Іс-шара аясында қазақстандық делегацияның сөз сөйлеуі, комитет отырыстарының талқылауларына қатысуы, сондай-ақ Парламенттік Ассамблея басшылығымен кездесулері жоспарлануда. 

 

  1. ГФР Бундестаг делегациясының Қазақстанға сапары туралы

2023 жылғы 20 ақпанда Қазақстанға «Германия-Орталық Азия» парламенттік тобының мүшелері құрамында Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының ресми делегациясы келді.

Сапар аясында топ төрағасы Ойген Шмидт пен оның әріптестері Томас Барайсс, Кристиан Горке және Кристиан Шрайдер Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен, Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Склярмен, сондай-ақ Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіровпен кездесті.

Германия Бундестагының депутаттарының Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен да кездесуі және оның барысында Қазақстан-Германия қарым-қатынастары мен халықаралық күн тәртібіндегі басым мәселелері бойынша пікір алмасу жоспарлануда.

2023 жылғы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы тұрғысында неміс тарапы «Әділетті Қазақстанды» құру аясындағы саяси және әлеуметтік өзгерістердің ауқымды бағдарламасы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады.

Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы тығыз саяси диалогты құптады.

 

  1. Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы

Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс парламенттік сайлауды байқауға қатысу үшін 2023 жылғы 19 наурызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшысының атынан 10 халықаралық ұйымның атына шақырулар жіберілді. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бойынша Бюросы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Атқару комитеті, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының атынан 34 шет мемлекеттің Орталық сайлау органдары басшыларының атына шақыру жіберілді.

Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылды.

Қазіргі уақытта бақылаушылардың миссиялары қалыптасуда. Халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу 13 наурыз сағат 18:00-де аяқталады.