Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 10 ақпан

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 10 ақпан

Мазмұны:

  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Португалияға сапары туралы;
  • Қазақстан мен Үндістан арасындағы СІМ-аралық саяси консультациялар туралы;
  • Сирияға гуманитарлық көмек бөлу туралы;
  • Түркияда зардап шеккендер бойынша ағымдағы жағдай туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Португалияға сапары туралы

2023 жылғы 13-14 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Лиссабонға сапармен барады. Сапар барысында Португалия Сыртқы істер министрімен, Республика Ассамблеясы басшылығымен, «Қазақстан-Португалия» парламентаралық достық тобы мүшелерімен және Португалияның жетекші жоғары технологиялық компанияларының басшыларымен кездесулер жоспарланған.

Бұл сапар Қазақстанның еуропалық маңызды әріптесімен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді деп күтілуде.

 

  1. Қазақстан мен Үндістан арасындағы СІМ-аралық саяси консультациялар туралы

2023 жылғы 13-14 ақпан аралығында Нью-Дели қаласында Қазақстан Республикасының және Үндістан Республикасының сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде СІМ-аралық саяси консультациялардың кезекті отырысы өтеді. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш, үнді делегацияны Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Санджай Верма басқарады.

Консультациялар барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағын, сондай-ақ көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда.

 

  1. Сирияға гуманитарлық көмек бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастығы ұйымы шеңберінде берілетін болады.

Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн. теңгеден астам сома бөлінеді. Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары түріндегі көмек Қазақстан Республикасы арнайы әуе кемелермен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізілетін болады. Бүгін бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып шықты.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы Елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы – толыққанды халықаралық ұйым мәртебесімен өзіндік халықаралық құқық субъектілігі бар, Ислам ынтымақтастығы ұйымының мамандандырылған институты. Қазақстан Республикасының бастамасымен 2011 жылы құрылған, штаб-пәтері Астанада орналасқан.

 

  1. Түркияда зардап шеккендер бойынша ағымдағы жағдай туралы

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Хатай провинциясының Антакья қаласында үй құлауы салдарынан қаза тапқан Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.

Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың денелерін отанға жеткізу үшін барынша көмек көрсетеді. Біздің отандастарымыздың денелері үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Анталия-Алматы тұрақты рейсімен Қазақстанға жеткізіледі деп күтілуде. Барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алады.

Жер сілкінісінен аман қалған Сабина Мамадьярованың жағдайына келсек, ол қазір Адана қаласының мемлекеттік ауруханасында. Кеше оған зақымдалған қолына операция жасалды, денсаулық жағдайы тұрақты. Дипломаттар емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыста, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Бүгін консул оған жеке барып қайтады.

Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан болған қираулар туралы хабардан бері Министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желісіне» 1 мыңнан астам қоңыраулар түсіп өңделді. Негізінен Түркия аумағында туыстарын табу туралы өтініштер түсті.

Сонымен қатар Түркиядағы дипломаттарымызға қоңыраулар мен өтініштер түсіп жатыр, олар осы бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандастың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті.

Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауы немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып және азаматтарымызға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды. Көптеген отандастарымызға қауіпсіз жерге көшуге көмек қажет болды, олар көлікпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз етілді.

Кейбір азаматтарымыз отанына оралуға ниет білдірді. Сонымен қатар, көптеген қазақстандықтар тұрғын үйлерінің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалтты. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді.

Соңғы 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды, оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілді.

Сонымен қатар, Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Біз оны Хатай қаласында таптық, ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ.

Сондай-ақ, Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелуде. Ол ү.ж. 6 ақпанынан бері байланысқа шықпады, тұратын жері Кахраманмараш қаласы. Әпкесі Министрліктің «жедел желісіне» хабарласқаннан кейін оның іздеу жұмыстарын бастадық.

Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп оны іздестіруде. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезінде ол ішінде болған.