Лондонда Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өтті

Лондонда Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өтті

Лондон, 2023 жылғы 7 ақпан - Қазақстан мен Ұлыбританияның екіжақты ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективалары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-британ үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 9-шы отырысы барысында талқыланды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пен Ұлыбританияның Инвестиция жөніндегі мемлекеттік министрі Лорд Доминик Джонсон Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары болды.

Тараптар ҮАК өткен жылғы қызметінің нәтижелерін қарады, сондай-ақ жұмыс топтары отырысының нәтижелері бойынша екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда, экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, энергетика, білім беру және т.б. салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.

Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша жаңартылатын энергия көздері саласында, сондай-ақ сыни шикізат пен сирек жер металдары саласында ынтымақтастықты қолдау және дамыту мәселелері көтерілді.

Отырыс барысында А. Айдаров Ұлыбританиямен кең ауқымды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып табылатынын атап өтті.

Осы жылдар ішінде пандемия мен геосаяси тұрақсыздықтың теріс салдарына қарамастан, Ұлыбритания соңғы жылдары еліміздің экономикасына 20 млрд АҚШ доллардан астам инвестиция салған әрі Қазақстанның негізгі экономикалық әріптестеріміздің бірі болып табылады. Біріккен Корольдіктің инвестициялары тұрақтылықты көрсетіп қана қоймай, 2020 жылы 36%-ға және 2021 жылы 20%-ға өсті. Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік ивестициялар көлемі 2022 жылдың алғашқы 9 айында 529 млн АҚШ долларға жетті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай мен газдан, тау-кен өнеркәсібінен ауыл шаруашылығына дейін, инфрақұрылымнан білімге дейін, қаржылық және кәсіби қызметтерден жоғары технологияларға дейін түрлі салаларда жұмыс істейтін 600 британдық компания бар. Мысалы, «Royal Dutch Shell және Ernst&Young» сияқты ірі компаниялар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері болып табылады.

Сондай-ақ, екіжақты сауданың оң динамикасы атап өтілді - 2022 жылы сауда көлемі 58,7%-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ доллардан 1,8 млрд АҚШ долларға жетті. Бұл ретте қазақстандық экспорт 71%-ға ұлғайып, 1,5 млрд АҚШ доллар құрады.

Тараптар алдағы уақытта Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы қазақстандық-британ келісіміне қол қою экономикалық қатынастарды нығайтып, сауда мен инвестицияларды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

Кездесу барысында А. Айдаров пен Д. Джонсон қазақстандық-британ қарым-қатынастарының серпінді және үдемелі дамуын атап өтті, сондай-ақ екі тараптың басым салалардағы сауда, экономикалық, технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру арқылы әріптестікті кеңейту және нығайту ниетін растады.

ҮАК-тың негізгі қорытындыларының бірі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен «AstraZeneca» британдық-швед биофармацевтикалық компаниясы арасындағы фармацевтика және денсаулық сақтау саласындағы елдер арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық бөлігінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Қол қойылған құжатқа сәйкес «AstraZeneca» халықаралық биофармацевтикалық компаниясы Қазақстанда өндірісті оқшаулауға ниетті.

Сонымен қатар, Лондонға сапар барысында А. Айдаровтың «AstraZeneca», «East Star Resourses» және «United Concrete Canvas» сияқты британдық компаниялардың басшылығымен екіжақты кездесулері өтті, олардың барысында фармацевтика, геологиялық барлау және құрылыс саласындағы ынтымақтастық мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.