Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 6 ақпан

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2023 жылғы 6 ақпан

Мазмұны:

1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапарларының қорытындылары туралы;

2) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Ж.Борреллдың дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі туралы;

3) Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаровтың Мюнхен және Гамбург қалаларына сапарының қорытындылары туралы;

4) Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің және Алматы қаласындағы «Digital Almaty 2023» жыл сайынғы цифрлық форумының кезекті отырысы туралы;

5) Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы басшысының сапары туралы;

6) Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапарларының қорытындылары туралы

2023 жылғы 1-2 ақпанда мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейінгі 30 жылда алғаш рет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапарлары өтті.

М. Тілеуберді Оман Сұлтандығы Премьер-Министрінің Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Асад бин Тарикпен келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бірлескен комиссия құру туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Қазақстан-Оман бірлескен комиссиясы шеңберінде жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.

М. Тілеуберді сондай-ақ Оманның Қаржы министрі Сұлтан әл Хабсимен келіссөздер жүргізді, онда Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамыту тақырыбы талқыланды. Қазақстандық тарап осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңын қарастыруды ұсынды.

2023 жылғы 2 ақпанда Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифаның қабылдауында болды, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді.

М. Тілеуберді сұхбаттасын Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңімен таныстырды. Өз кезегінде Король Қазақстанның қазіргі даму қарқынын жоғары бағалап, Қазақстан халқының игілігі үшін жүргізіліп жатқан Президент реформаларына қолдау білдірді.

Қазақстан-Бахрейн саяси өзара іс-қимылының даму серпінін ескере отырып, тараптар диалогты жоғары деңгейде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында көліктік-логистикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті. Сондай-ақ, әлемдегі халықаралық жағдай, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасу болды.

 

  1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Ж.Борреллдың дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай бірлескен мәлімдемесі туралы

2023 жылғы 2 ақпанда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Жозеп Борреллдың бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Бірлескен мәлімдемеде тараптар «1995 жылы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бастап 2020 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) күшіне енгенге дейін біздің серпінді қарым-қатынасымыз ұзақ жолдан өтті» деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бұл келісім экономика, сауда және инвестиция салаларынан бастап авиация, білім беру және зерттеу, азаматтық қоғам мен адам құқықтары саласындағы әріптестікке дейін ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды. Қазақстан мен ЕО Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді толық іске асыру мақсатында өзара тиімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға берік ұстанымын сақтап отыр.

Еуропалық одақтың тарапынан «Әділетті Қазақстан» тұжырымын ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық реформаларын, сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына толық және ашық тергеу жүргізуге елдің бейілділігін толық қолдайтыны тағы да аталып өтті.

Қазіргі геосаяси тұрғыда тараптар БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және егемендік пен аумақтық тұтастықтың қағидаттарына берік ұстанымдарын растады. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың, сондай-ақ дауларды дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығы аталып өтті.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаровтың Мюнхен және Гамбург қалаларына сапарының қорытындылары туралы

2023 жылғы 31 қаңтарда Германиядағы Қазақстан экономикасы күндері аясында Мюнхен қаласында Қазақстан-Бавария инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров басқарды. Ол қатысушыларға екіжақты қарым-қатынастардың дамуының оң динамикасы туралы айтып, Германияның бизнес-қоғамдастығына энергетика, шикізат материалдар, өнеркәсіп және машина жасау секторлары, көлік-логистика секторы, агроөнеркәсіптік кешен, білім және ғылым, IT салаларындағы жобаларға ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.

1 ақпанда Гамбург қаласына сапары аясында қазақстандық делегация неміс компанияларымен бірқатар кездесулер өткізді. Сондай-ақ, «Aurubis AG» компаниясының энергетика және климат корпоративтік мәселелері жөніндегі аға вице-президенті Ульф Геркенспен кездесу өтті. Оны тау-кен металлургия секторындағы, атап айтқанда түсті және сирек металдарды өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Айта кету керек, «Aurubis AG» Еуропадағы ең ірі мыс өндіруші және әлемдегі ең ірі мыс өңдеуші компания.

 

  1. Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің және Алматы қаласындағы «Digital Almaty 2023» жыл сайынғы цифрлық форумының кезекті отырысы туралы

2023 жылғы 2-3 ақпанда Алматыда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы және «Digital Almaty 2023: «Жаңа шындықтағы цифрлық әріптестік» цифрландыру жөніндегі халықаралық форум өтті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар тақырыптарды талқылады.

3 ақпанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің премьер-министрлері «Digital Almaty» бесінші форумы шеңберінде өткен «Жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» пленарлық сессиясында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы цифрлық кедергілерді жою, сауда және экономиканың басқа да салаларында инновациялық шешімдер енгізу мәселелері, сондай-ақ негізгі жаһандық технологиялық трендтер пленарлық сессиясында талқыланды.

 

  1. Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы басшысының сапары туралы

2023 жылғы 2 ақпанда Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы ретіндегі миссиясының аяқталуына және БҰҰ Терроризмге қарсы күрес комитеті Атқарушы директоратының Атқарушы директоры қызметіне тағайындалуына орай Наталья Германды қабылдады.

Тараптар Орталық Азия елдері мен Өңірлік орталық арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге негізделген БҰҰ шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатияның құралдарын дамыту мен нығайтуды талқылады.

Қазақстанға сапары аясында Н. Герман Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның қабылдауында да болды.

 

  1. Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы туралы

2023 жылғы 9-10 ақпанда Түркістан қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтеді.

Іс-шара 2022 жылғы шілдеде Чолпон-Атада (Қырғызстан) өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Төртінші Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында өткізілуде.

Алдағы Парламентаралық форумға Орталық Азия мемлекеттерінің заң шығарушы органдарының спикерлері мен депутаттары қатысады деп жоспарлануда.

Орталық Азияның бірінші Парламентаралық форумын өткізу Орталық Азия елдерінің заң шығарушы органдары арқылы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қосымша алаң құру процесін бастауға мүмкіндік береді.

Форум қорытындысы бойынша Түркістан декларациясын қабылдау жоспарлануда.