Қазақстан СІМ-де Орталық Азия өңіріндегі көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Қазақстан СІМ-де Орталық Азия өңіріндегі көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды

Астана, 2023 жылғы 2 ақпан – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ-ның Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы ретіндегі миссиясының аяқталуына және БҰҰ Терроризмге қарсы күрес комитеті Атқарушы директоратының Атқарушы директоры қызметіне тағайындалуына орай Наталья Германды қабылдады. 

Тараптар Орталық Азия елдері мен ОАПДӨО арасында қалыптасқан көп жылдық әріптестік пен сенімге негізделген БҰҰ шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ ОА өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін превентивті дипломатияның құралдарын дамыту мен нығайтуды талқылады.

Қ. Омаров Н. Германды Орталық басшысы ретіндегі 5 жылдық қызметінің сәтті аяқталуымен, сондай-ақ ОАПДӨО-ның 15 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Қазақстан өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ОА елдерінің орнықты дамуына мүдделі. Сонымен бірге БҰҰ-ның осы үдерістегі маңызды рөліне назар аударып, Орталық Азия өңіріндегі көптеген жасампаз процестерді жалғастырудың өзектілігін атап өтеміз», - деді Министрдің бірінші орынбасары.

Н. Герман көптеген жылдар ішінде Қазақстан мен ОАПДӨО арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімді позитивті бағалап, еліміздің Өңірлік орталық қызметінің басым бағыттары бойынша қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. «БҰҰ-ның өңірдің барлық елдерімен көпжоспарлы ынтымақтастығының одан әрі нығаятынына сенімдімін», - деді Н. Герман.

Н. Герман Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған, одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғауға, инклюзивті экономикалық өсуге бағытталған кешенді реформалар туралы жоғары пікір білдіріп, Қазақстанға одан әрі өркендеу тіледі.

Қорытындылай келе, Қ. Омаров Н. Германға 2023 жылғы 1 наурызда басталатын жаңа лауазымындағы жұмысына сәттілік тіледі.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия үшін Превентивті дипломатия бойынша өңірлік орталығы – 2007 жылы Орталық Азияның 5 мемлекеті үкіметтерінің бастамасымен құрылған және БҰҰ-ның саяси және бейбітшілікті құру мәселелері жөніндегі департаментінің арнайы саяси миссиясы. Штаб-пәтері Түрікменстанның Ашхабад қаласында орналасқан. 

Орталықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мемлекеттеріне өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төніп тұрған және ықтимал қатерлерді анықтау мен жоюға жәрдемдесу болып табылады. Бұдан басқа, Өңірлік орталық ОА мемлекеттері арасындағы өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы барысында әріптестік қатынастарды ілгерілетуге ықпал етеді.