Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана қаласы, 2023 жылғы 30 қаңтар

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі,  Астана қаласы, 2023 жылғы 30 қаңтар

Мазмұны:

1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапарлары туралы;

2) Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы;

3) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Айдаровтың Мюнхен және Гамбург қалаларына сапары туралы;

4) Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын және «Digital Almaty 2023» жыл сайынғы цифрлық форумын өткізу туралы;

5) Орталық Азия үшін превентивті дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы басшысы Н. Германның Қазақстанға сапары туралы;

6) Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында дипломатиялық қатынастар орнатудың 30 жылдығы туралы.

 

Өздеріңізге мәлім, өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ташкентте өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 26-шы отырысына қатысты, ал Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ Адам құқықтары және демократиялық реформалар бойынша жыл сайынғы жоғары деңгейдегі диалогтың екінші отырысын өткізді. Бұл диалогқа Қазақстаннан ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан қатысты. Кейін ол Лондонға жұмыс сапарымен барып, Ұлыбританияның саяси топтарымен кездесулер өткізді. Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссель (Бельгия) және Страсбург (Франция) қалаларына барып, бірқатар жоғары лауазымды еуропалық шенеуніктермен кездесулер өткізді. Бұл іс-шаралар туралы толық ақпарат біздің баспасөз хабарламаларымызда жарияланды.

 

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапарлары туралы

2023 жылғы 1-2 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапармен барады.

Маскатқа сапар барысында қазақстандық делегация басшысының Премьер-Министрдің орынбасары ханзада Асаад бен Тарик Әл Саидпен, Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаидимен және Қаржы министрі Сұлтан бен Салим Әл-Хабсимен екіжақты кездесулері күтілуде.

Манамаға сапар аясында еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Тақ мұрагері Салман бен Хамад Әл Халифамен және Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид Әл-Заянимен кездесулер жоспарлануда.

Аталған елдердің басшылығымен келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасында бірлескен Қазақстан-Оман комиссиясын құру туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі арасында саяси консультациялар туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы

2023 жылғы 31 қаңтарда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтеді.

Отырысқа ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры Олжас Сүлейменов және ЭР СІМ Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің бас директоры Марге Мардисалу-Кахар тең төрағалық етеді.

Іс-шара аясында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесу, сондай-ақ Назарбаев университетінде М.Мардисалу-Кахардың дәрісі жоспарланған.

 

  1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Айдаровтың Мюнхен және Гамбург қалаларына сапары туралы

2023 жылғы 31 қаңтар – 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстан-Бавария және Гамбург инвестициялық форумдарының жұмысына қатысады.

Аталған форумдарда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылады. Неміс инвесторларына энергетикалық ресурстар мен шикізат, логистика, өнеркәсіп және машина жасау, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым және IT салаларында Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асырудың артықшылықтары туралы айтылады.

Қазақстанның бүгінгі таңда Германияға 140 тауар позициясы бойынша 950 млн АҚШ долларына жуық сомаға экспортты ұлғайту бойынша әлеуеті бар екенін атап өткен жөн.

 

  1. Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысын және «Digital Almaty 2023» жыл сайынғы цифрлық форумын өткізу туралы

2023 жылғы 2-3 ақпанда Алматыда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы және «Digital Almaty 2023: жаңа шындықтағы цифрлық әріптестік» цифрландыру жөніндегі халықаралық форум өтеді.

Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей үкіметтерінің басшылары және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы қатысады. Іс-шараға сондай-ақ Еуразиялық экономиалық комиссияның жанындағы байқаушы мемлекеттердің өкілдері, ТМД Бас хатшысы және Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының басшылары шақырылды.

Отырыстың күн тәртібі сауда-экономикалық ынтымақтастық, техникалық реттеу, ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі және басқа да өзекті тақырыптардың кең спектрін қамтиды.

Іс-шара барысында үкімет басшылары Валюталық құқықтық қатынастарды реттеу және жеңілдету шараларын қабылдауға келісілген тәсілдер туралы келісімге қол қояды деп күтілуде.

Ағымдағы жылдың 3 ақпанында ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері жыл сайынғы «Digital Almaty» форумының пленарлық сессиясына қатысады. Дәстүрлі түрде форум жұмысына көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, ірі диджитал компаниялардың басшылары, IT бизнес көшбасшылары және цифрлық сала сарапшылары қатысады деп күтілуде.

Биыл аталған іс-шара аясында «Digital Almaty Awards» марапаттау рәсімімен тақырыптық жобалардың халықаралық көрмесі өтеді.

 

  1. Орталық Азия үшін Превентивті дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы басшысы Н. Германның Қазақстанға сапары туралы

2023 жылғы 2-3 ақпанда Наталья Герман Орталық Азия үшін Превентивті дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының басшысы ретіндегі миссиясының аяқталуына және БҰҰ Терроризмге қарсы күрес комитетінің Атқарушы директоратының Атқарушы директоры лауазымына тағайындалуына байланысты Орталық Азия елдері бойынша қоштасу туры шеңберінде Қазақстанға барады. Астанада ҚР СІМ басшылығымен кездесулер жоспарлануда.

Тараптар Орталық Азия елдері мен БҰҰ Өңірлік орталығы арасында қалыптасқан көпжылдық әріптестік пен сенімге негізделген БҰҰ шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін профилактикалық дипломатия құралдарын дамыту мен нығайтуды талқылауды жоспарлап отыр.

Қазақстан саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудегі ағымдағы оң процестерді қоса алғанда, Орталық Азиядағы көптеген жасампаз процестерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

 

  1. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы

Ағымдағы жылдың 2 ақпанында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы кезеңде біздің жан-жақты ынтымақтастығымыз нығайып, барлық салаларда тұрақты дамып келеді.

Біз 1995 жылы серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюдан бастап 2020 жылы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуіне дейін 29 саланы қамтитын көпқырлы ынтымақтастығымыздың өркендеуіне куә болдық.

Келісімді іске асыру шеңберінде біз сауда, инвестициялар, көлік және логистика, климаттың өзгеруі, жасыл энергетика және цифрландыру саласындағы қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға мүдделіміз.