Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Астана, 2022 жылғы 21 қараша

Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі,  Астана, 2022 жылғы 21 қараша

Мазмұны:

1. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 18-ші кездесуіне қатысуының қорытындылары туралы;

2. Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан демаркациялық комиссиясының 100-ші отырысын өткізу туралы;

3. Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша кезекті 19-шы халықаралық кездесуді өткізуге дайындық туралы;

4. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы;

5. Халықаралық көлік маршруттарын дамыту жөніндегі министрлік кездесу туралы;

6. Шетелдегі қазақстандықтардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу қорытындылары туралы;

7. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы туралы.

 

 

1) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 18-ші кездесуіне қатысуының қорытындылары туралы

2022 жылғы 17 қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кезекті 18-ші кездесуіне қатысты.

Кездесуге қатысушылар өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерінің кең ауқымын және Орталық Азия мен Еуропалық одақ елдері арасындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, ү.ж. жылдың 18 қарашасында қазақстандық делегация басшысы Самарқандта өткен Global Gateway Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы өзара байланыс жөніндегі конференция жұмысына қатысты.

Қазақстандық делегация мүшелері Конференция алаңында өткізілген цифрландыру, көлік және су-энергетикалық ресурстар сияқты мәселелерге арналған тақырыптық кездесулердің жұмысына, сондай-ақ бизнес-форумға қатысты.

2) Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан демаркациялық комиссиясының 100-ші отырысын өткізу туралы

2022 жылғы 14-19 қараша аралығында Ташкент қаласында Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан демаркациялық комиссиясындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы үкіметтік делегацияларының 100-ші отырысы өтті.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шарттың жобасын және аталған Шартқа қосымша болып табылатын шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын қол қоюға дайындады.

Сонымен қатар тараптар Бірлескен Қазақстан-Өзбекстан демаркациялық комиссиясының жұмысы туралы қорытынды хаттамаға қол қойды.

Келіссөздер достық пен өзара түсіністік сипатында өтті.

3) Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша кезекті 19-шы халықаралық кездесуді өткізуге дайындық туралы

2022 жылғы 22-23 қарашада Астана қаласында Сирия бойынша Астана форматында кезекті 19-шы халықаралық кездесу өтеді.

Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран, Сирия Үкіметі мен Сирия оппозициясының делегациялары қатысады. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак өкілдері келеді деп күтілуде.

Ресей делегациясын Ресей Федерациясы Президентінің Сирияны реттеу жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын – СІМ Бас директоры Унал Сельчук, Иран делагациясын – Сыртқы істер министрінің аға көмекшісі Хаджи Али Асгар, Сирия Үкіметінің делегациясын – Сыртқы істер министрінің орынбасары Мухаммед Айман Сусан, Сирия оппозициясының делегациясын Ахмад Тома басқарады.

4) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі туралы

2022 жылғы 22-23 қарашада Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің, қорғаныс министрлерінің және қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бірлескен отырысы өткізілетін болады.

Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасынан Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысады.

Бұл отырыстар барысында Ұйымның қазіргі қызметінің бірқатар кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ Ұйымның дамыту перспективаларын талқылау жоспарлануда. Ерекше назар ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мәселелеріне, Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы әрекет жасау жөніндегі шараларға бөлінетін болады.

Отырыстарға қатысушылар ұжымдық қауіпсіздіктің мәселелеріне қатысты бірлескен мәлімдемелерді қабылдайды, сондай-ақ мүше мемлекеттердің басшыларына қол қоюға енгізілетін құжаттардың жобаларын мақұлдайды деп күтілуде.

5) Халықаралық көлік маршруттарын дамыту жөніндегі министрлік кездесу туралы

2022 жылғы 25 қарашада Ақтау қаласында Халықаралық көлік бағыттарын дамыту бойынша министрлік кездесу өтеді. Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузияның сыртқы істер және көлік министрлері қатысады.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының тиімділігін арттыру бойынша шаралар пысықталады деп болжануда.

6) Шетелдегі қазақстандықтардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу қорытындылары туралы

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шет елдердегі ҚР мекемелері жанындағы сайлау учаскелерінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтады. Шетелдегі қазақстандықтар арасында дауыс беруде жоғары белсенділік байқалды.

Шет елдердегі ҚР мекемелерінің жанынан 53 мемлекетте сайлаушылардың жалпы саны 12 841 адамнан тұратын 68 учаскелік сайлау комиссиясы ашылған. Шетелдегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысын аяқтады. 11 360 ҚР азаматы дауыс берді, бұл дауыс берушілердің келуінің 88,47%-ын құрады.

ҚР азаматтарының көпшілігі Ресейде дауыс берді (2600 адам), сайлаушылар саны бойынша екінші орында Түркия (1423 адам), ал үшінші орында Өзбекстан (591 адам).

7) Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы туралы

Ағымдағы жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

Өзбекстан - Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі. Бүгінде мемлекеттер арасында өзара сыйластық пен тату көршілікке негізделген сенім қатынастары құрылған. Соңғы жылдары өзара әрекеттесудің жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Бұған аса жоғары және жоғарғы деңгейдегі тұрақты байланыстар әсер етеді.

Осы үш онжылдықта Қазақстан мен Өзбекстан сенімгерлік және ашық саяси диалог, жемісті және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық, ірі инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыру, сондай-ақ әртүрлі өңірлік және халықаралық алаңдар (ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ және т.б.) шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимыл арқылы стратегиялық әріптестікті жан-жақты нығайтты.

Осы жылдар ішінде біз тығыз байланыстарды едәуір арттырып, одан әрі дамыту үшін сенімді іргетас қалыптастыра алдық. Сенімді және сындарлы диалог жолға қойылды, кең шарт-құқықтық база қалыптастырылды.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай мемлекет басшылары мен сыртқы істер министрлерінің құттықтау жолдауларымен алмасу көзделеді.