
Астана, 2022 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев ү.ж. 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу барысын байқау үшін елімізге келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары тобымен кездесті.
Кездесу барысында Е. Қоныспаев ашық және әділетті сайлау өткізу Қазақстанның одан әрі демократиялық дамуы үшін түбегейлі мәнге ие екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша өзінің халықаралық міндеттемелеріне берік екені, сондай-ақ халықаралық әріптестермен осы бағытта ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екені аталып өтілді. Осыған байланысты халықаралық байқаушылар тетігін кеңінен іске қосуға маңызды мән беріледі.
ТМД ПАА байқаушылары алдағы сайлауға дайындық барысын жоғары бағалай отырып, елімізде ашық және кедергісіз халықаралық байқау үшін тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті.