«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» Министрлердің 18-ші кездесуі

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» Министрлердің 18-ші кездесуі

Самарқанд, 2022 жылғы 17 қараша – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық Одақтың сыртқы істер ведомстволары басшыларының 18-ші кездесуіне қатысты.

ЕО делегациясын Еурокомисияның Вице-президенті және ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелл басқарды.

Кездесу барысында делегациялар өзекті өңіраралық және жаһандық мәселелерді, соның ішінде қауіпсіздіктің жалпы сын-қатерлерін Ауғанстандағы жағдайды қоса алғанда, экономикалық, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты, қоршаған ортаны қорғау, су пайдалану және климат, сондай-ақ білім, ғылым және инновация салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Қазақстандық делегацияның басшысы Астанадағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің тарихи алғашқы кездесуінің негізгі қорытындыларын атап өтіп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асырудың маңыздылығын айтты. Ол сондай-ақ әлемде және өңірде қарқынды өзгеріп жатқан ахуал жағдайында өзара мүдделерді сақтай отырып, тараптардың күш-жігерін үйлестіруді күшейтудің маңыздылығына қатысушылардың назарын аударды.

«Қазақстан еуропалық әріптестермен жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға және өзара байланысты жақсартуға дайын», - деді М.Тілеуберді. Осыған байланысты ол еуропалық тарапқа жаңа өңіраралық өзара іс-қимыл бағдарламаларын бастау туралы ұсыныс жасады, оның ішінде ғылым, технологиялар мен инновациялар салаларында.

Сондай-ақ СІМ басшысы Қазақстанның Еуропаға сирек кездесетін металдарды жеткізуді ұлғайтуға дайын екендігін мәлімдеді және экономиканың жоғары технологиялық салаларына қажетті дайын өнімдерді экспорттау мақсатында Қазақстанда шикізатты бастапқы өңдеу саласында өзара іс-қимыл жасауды ұсынды.

Сондай-ақ 2022 жылдың басынан бері Қазақстанның Орталық Азия елдері және Еуропалық Одақпен тауар айналымының өсімі оң жағынан атап өтілді.

Оған қоса екінші ОА-ЕО Экономикалық форумын 2023 жылғы мамырда Алматы қаласында өткізу жоспарлануда.