Астана, 2022 жылғы 16 қараша – Қазақстан мен Румынияның сыртқы саяси ведомстволарының делегациялары саяси консультациялардың 7-ші раундын өткізіп, екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді» және саяси, сауда-экономикалық пен мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады.
Қазақстан делегациясына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал румын делегациясына Румыния Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Юлиан Фота жетекшілік етті.
Тараптар дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай (15 шілде) екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының жемісті өзара іс-қимылын қорытындылады және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жоспарларын белгіледі.
Р. Василенко бүгінгі таңда Оңтүстік-Шығыс Еуропа өңіріндегі ең серпінді ынтымақтастық Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сыртқы саяси және сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатын Румыниямен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Біз Румынияның Тәуелсіздігімізді Еуропа елдерінің ішінде алғашқы және әлем елдерінің ішінде екінші болып танығанын (1991 ж. 17 желтоқсан) жоғары бағалаймыз, алғашқы күндерден-ақ арамызда белсенді саяси диалог орнаған» - деп мәлімдеді қазақстандық дипломат.
2022 жылдың 8 айы ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 1,45 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 28%-ға артты (2021 жылы – 1,6 млрд АҚШ долл., экспорт – 1,5 млрд, импорт – 48 млн). Бұл ретте, 2005-2021 жылдар аралығында Румыниядан инвестициялардың жалпы ағыны 1,57 млрд АҚШ доллар құрады.
Қазақстанның Еуропадағы ең ірі инвестициялық активі – «ҚазМұнайГаз Интернейшнл» компаниясы табысты жұмыс істеп, энергетика саласындағы ынтымақтастық басым бағыт болып қала беретініне қарамастан, Румынияға қазақстандық экспорттың құрылымын әртараптандыру туралы өзара уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен бірге, парламенттік дипломатия желісі бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге, атап айтқанда, екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді диалогты қолдауға өзара мүдделілік расталды.
Сонымен қатар тараптар Еуроодақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің, сондай-ақ Румынияның ЕО-ға төрағалық етуі барысында қабылданған (2019 жылдың маусымы) Орталық Азия бойынша ЕО стратегиясының шеңберінде өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін білдірді. Мәселен, румындық серіктестер ҚР-ЕО және ОА-ЕО желісі бойынша саяси және сауда-экономикалық бағыттағы, қауіпсіздік және адам құқықтары жөніндегі жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру бойынша бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жеке тақырып болды. Министрдің орынбасары әріптестеріне ү.ж. 20 қарашада өтетін президенттік сайлауға дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Осы ретте Ф. Фота Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтудағы және дамуды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, Румыния мен еуропалық қауымдастықта еліміздің саяси және экономикалық реформалар бағытына жоғары баға берілетінін жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша СІМ-дер арасында 2023-2025 жылдарға арналған Жұмыс жоспарына қол қойылды. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін толық ашу үшін тұрақты байланыстарды қолдау жөніндегі келісімге келді.