600-ден астам ірі шетелдік компаниялар жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты

600-ден астам ірі шетелдік компаниялар жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстелге қатысты

Астана, 2022 жылғы 19 қазан - Жыл сайын өтетін Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2022) инвестициялық іс-шарасы алаңында Қазақстанға жаңа өндіріс орындары мен қызметтерді құру мақсатында келген ірі шетелдік компаниялардың басшылары жиналып, Қазақстан Үкіметі олармен пандемия кезеңі мен қазіргі геосаяси жағдайларды ескере отырып маңызды жұмыстар жүргізді.

Панельдік сессиялар аясында әлемдік экономика дамуының ағымдағы негізгі үрдістері, сондай-ақ, республиканың жаһандық шетелдік серіктестермен ынтымақтастығын кеңейту және Қазақстанға жаңа тікелей инвестицияларды тарту мүмкіндіктері талқыланды. Бұған қоса, жаңа экономика шарттарында өзге логистикалық шындыққа бейімделу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агроөнеркәсіп кешенінің болашағына инвестиция тарту, өсудің жаңа көздері және т.б. маңызды мәселелер қарастырылды.

«Қазақстан ауылшаруашылық алқабының көлемі бойынша әлемде 6-шы орында, ондағы жердің 80%-дан астамы (220 млн га) өндірісте пайдаланылады және бұл бағытта еліміз АӨК саласындағы халықаралық тәжірибе мен жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына келетін болсақ, еліміз Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік хаб болып танылады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және Қытай елдерін қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушылардың тікелей нарығына қол жеткізе алады. Еліміздің мультимодальды логистика мүмкіндігін ұсынатын ірі нарықтарға жол ашуға толықтай мүмкіндігі бар», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров.

«Біз Қазақстанның алдағы уақытта осы бағытта жоғары деңгейге жететініне сенімдіміз, сондықтан бүгін осындамыз», - деп атап өтті KGIR-2022 панельдік талқылауларының бірінде «Ingeser Ingenieria Arquitectura Y Consultoria» компаниясының бас директоры Игнасио Дусиет Мингот.

Логистика тақырыбына арналған панельдік сессияда «S Sistem Lojistik» басқарма төрағасы Хусейн Барлин Орал, Алматы және Ақтау қалаларында компания кеңселерін ашуға ниетті екенін мәлімдеді. «Alstom» компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия (АМЕКА) аймағы бойынша президенті Эндрю Делеони Қазақстанмен 10 жылдан астам ынтымақтастық ішінде компаниясы ел экономикасына 125 миллион еуродан астам инвестиция салғанын және болашақта инвестиция көлемін арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді.

Инвестициялық форум нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 миллиард АҚШ долларға тең келісімдерге қол қойылды. Жобаларды металлургия, мұнай-химия, газ өңдеу, көлік, логистика, құрылыс материалдары мен ауылшаруашылық жабдықтарын өндіру, инфрақұрылымдық құрылыс және фармацевтика салаларында жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл ретте, 25 жобаның 5-і Ақтөбе облысында іске асырылады – өңірде транслогистикалық хаб, қатерлі ісіктерді емдейтін ядролық орталық, құбырларды тазартатын кәсіпорын мен металл және битум шығаратын зауыт салынады.

Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болып қала бермек. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында шетелдік инвестицияның ағыны бойынша аса тартымды. Қазірдің өзінде біз өңірдегі барлық инвестициялардың 70 пайызын тартып жатырмыз. Инвестициялық экожүйені одан әрі жақсарту үшін Үкімет 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдады.