Қазақстандық делегацияның Синдзо Абэның мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысуы туралы

Қазақстандық делегацияның Синдзо Абэның мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысуы туралы

Токио, 2022 жылғы 27 қыркүйек - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі Синдзо Абэның мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты.

Ресми рәсімге 6 мыңнан астам адам, оның ішінде Жапонияның жоғары лауазымды саясаткерлері, Парламент депутаттары және 200-ден астам ел мен халықаралық ұйымдардың шетелдік делегациялары қатысты.

Іс-шара соңында Қазақстан делегациясының басшысын Жапония Премьер-Министрі Фумио Кишида қабылдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты.

Министр қазіргі Жапонияның аса көрнекті көшбасшыларының бірі С.Абэның Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын дамытуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

С.Абэ 2015 жылы Қазақстанға ресми сапармен келді және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарудың бастамашысы болды.

Жауап ретінде Премьер-Министр Ф.Кишида Қазақстан халқын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жеткізді.

С.Абэ Жапонияның Премьер-Министрі ретінде ең ұзақ қызмет еткен көрнекті саясаткер ретінде өз халқының есінде қалды. Бұл бұрынғы Премьер-Министрдің екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ел тарихындағы екінші мемлекеттік жерлеу рәсімі болды, 1967 жылы Жапония елі Ёшида Сигэрумен қоштасқан болатын.