Қазақстан делегациясының БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы жалғасуда

Қазақстан делегациясының БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы жалғасуда

Нью-Йорк, 2022 жылғы 22 қыркүйек – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобы (ТШАДУТ) министрлерінің жыл сайынғы кеңесінде сөз сөйледі. Кеңес тақырыбы – «COVID-19 пандемиясынан кейін 2014-2024 жылдарға арналған Вена іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруды жеделдету және 2024 жылы Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер бойынша БҰҰ конференциясының Үшінші кеңесіне серпін арттыру». БҰҰ-ның осы тобына 32 мемлекет кіреді.

Іс-шараны ТШАДУТ тобының төрағасы – Ботсвана Сыртқы істер министрі Лемоганг Квапе, БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-ші сессиясының төрағасы Чаба Кёрёши, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Амина Мохаммед, Бас хатшының орынбасары – Аз дамыған елдер, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер және кіші арал дамушы мемлекеттер бойынша жоғары өкіл Рабаб Фатима ашты. Пленарлық сессияда ТШАДУТ тобының сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және транзиттік елдер мен ТШАДУТ-пен ынтымақтасатын даму жөніндегі әріптес елдердің делегациялары сөз сөйледі.

Аумағы бойынша теңізге шыға алмайтын ең үлкен ел болып табылатын Қазақстан ТШАДУТ тобының жұмысына белсенді қатысады және бір жыл бұрын оның төрағасы болған.

Сол күні Министр М.Тілеуберді ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидтпен, Нидерланды сыртқы саяси ведомствосының басшысы Вопке Хукстрамен, Парагвай сыртқы саяси ведомствосының басшысы Хулио Рамиреспен, Доминикан Республикасы сыртқы саяси ведомствосының басшысы Роберто Альвареспен, Албания сыртқы саяси ведомствосының басшысы Олта Джачкамен және БАӘ сыртқы саяси ведомствосының басшысы Абдалла әл Нахайянмен бөлек келіссөздер жүргізді. Тараптар аталған елдермен және ұйыммен екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылады.

Доминикан Республикасымен келіссөздер қорытындысы бойынша ұлттық паспорттардың, сондай-ақ дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімдерге, ал Албаниямен визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ, Парагваймен дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.