Қазақстан СІМ-де БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасымен кездесу туралы  

Қазақстан СІМ-де БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасымен кездесу туралы    

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 11 тамыз – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапарымен келген БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясының Төрағасы Абдулла Шахидпен келіссөздер өткізді.

Тараптар Қазақстанның биылғы жылы аталатын БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдық мерейтойының маңызын атап өтіп, COVID-19 пандемиясымен және климаттың өзгеруімен күрес, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық күш-жігер шеңберіндегі одан әрі өзара іс-қимылды талқылады. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Ү.ж. 5 маусымда өткен ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы референдумның маңыздылығын жоғары бағалай отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың одан әрі демократияландыруға, құқық үстемдігін нығайтуға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді реформаларына қолдау білдірді.

А. Шахид Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, жаһандық биологиялық қауіпсіздікті нығайту, діни толеранттылық, гендерлік теңдік, теңізге шыға алмайтын елдердің мүдделерін ілгерілету салаларындағы халықаралық бастамаларының, сондай-ақ еліміздің халықаралық қақтығыстарды шешу және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.

2021 жылғы 7 маусымда Абдулла Шахид БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясының Төрағасы болып сайланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ-ның басты кеңесші, директивтік және өкілді органы және халықаралық мәселелердің барлық спектрін жан-жақты талқылауға арналған форум ретінде қызмет етеді.