Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының 1992 жылғы 22 мамырдағы пленарлық отырысында Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) мүшелігіне қабылданды.
Қазақстан халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісіне айналып, белсенді сыртқы саясат жүргізе отырып, ғылым, мәдениет және білім беру саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға дәстүрлі түрде үлкен мән беріп келеді.
1993 жылы ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды, оның шеңберінде осы мамандандырылған мекемемен өзара іс-қимылдың басым бағыттары айқындалды. 1995 жылғы тамызда Қазақстан мен ЮНЕСКО арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында Алматы қаласында ЮНЕСКО бюросын құру туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан ЮНЕСКО аясындағы 15 халықаралық конвенцияның қатысушысы болып табылады, оның стратегиялық құжаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді.
Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы 1972 жылғы Конвенцияға қосылған сәттен бастап Дүниежүзілік мұра тізіміне 5 нысан, оның ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енгізілді. 2013–2017 жж. аралығында Қазақстан Дүниежүзілік мұра комитетінің жұмысына белсенді атсалысты.
Қазақстан ЮНЕСКО-ның құрылымдары мен бағдарламаларына қатысуын дәйекті түрде кеңейтіп келеді. 1997 жылдан 2001 жылға дейін еліміз ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің мүшесі болды. Қазіргі таңда еліміз 2021–2025 жж. аралығында Халықаралық гидрологиялық бағдарламаның үкіметаралық кеңесіне және Коммуникацияны дамытудың арналған халықаралық бағдарламаның үкіметаралық кеңесіне кіреді.
2018 жылғы маусымда, Тарап мемлекеттері Бас ассамблеясының
7-ші сессиясында біздің еліміз ЮНЕСКО негізгі органдарының бірі болып табылатын Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенция комитетінің 2022 жылға дейінгі кезеңге мүшесі болып сайланды. Осы мандат тәжірибе алмасу және осы саладағы отандық сарапшылардың біліктілігін одан әрі арттыру үшін Комитет алаңын пайдалануға мүмкіндік берді. Қазіргі күнге дейін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Қазақстанның қатысуымен 11 номинация кіргенін атап өтеміз.
Қазіргі және болашақ ұрпақ үшін бейбітшілікті нығайту және жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау мақсатында Қазақстанның мәдени диалог ісіндегі бастамалары ұйымның барлық мүшелерінен мақұлданып, қолдау табуда. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-сессиясында «Дінаралық және мәдениетаралық диалогты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты бейбітшілік игілігі үшін ілгерілету» қарары қабылданды, оның негізгі элементі 2013–2022 жж. кезеңіне Қазақстан бастамашылық еткен Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығын жариялау болды.
Ғылыми салада ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық Ұйымның жаһандық бағдарламалары бойынша жұмыс істейтін, атап айтқанда, «Халықаралық гидрологиялық бағдарлама», «Адам және биосфера», «Биоэтика» және «ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктері» төрт бейінді ұлттық комитеттер желісі арқылы жүзеге асырылды. 2019 жылдың қараша айында Қазақстан 2023 жылға дейінгі кезеңге «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесіне сайланды. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне Қазақстанның 13 нысаны кіреді.
ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы 2021 жылы ратификацияланған келісімінің негізінде Алматы қаласында ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы белсенді жұмыс істеуде. Орталықтың бас мақсаты – орнықты мәдени даму саласындағы ғалымдар мен сарапшылардың ынтымақтастығын үйлестіру әрі белсендету мен тарихта және бүгінгі таңда мәдениетаралық диалогтың теориясы мен практикасын зерттеу.
2011 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-шы сессиясы барысында Алматыдағы География институты базасында ЮНЕСКО қамқорлығымен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру туралы шешім қабылданды.
Қазақстан үшін БҰҰ-ның «Инклюзивті және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз ету және өмір бойы баршаға білім алу үшін мүмкіндіктер жасау» атты Орнықты дамудың 4-ші мақсатына қол жеткізу басым бағыт болып табылады.
Қазақстанның 31 мектебі ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептерінің сертификаттарын иеленуде.
Елімізде ЮНЕСКО-ның 5 кафедрасы жұмыс істейді: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (журналистика және тұрақты даму салаларында), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (педагогика саласында), Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында («Ғылым және руханият») және Қазақстан-Неміс университетінде (су ресурстарын басқару саласында).
ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық федерациясы (ҚазФУКА) еліміздің барлық аймақтарында 167 клубты, 19 000-нан астам белсенді мүшені біріктіреді.
ЮНЕСКО-ның айтулы мерейтойлар тізіміне үш онджылдық ішінде Қазақстанның 25 ұсынысы өтті. Олардың арасында 2022 ж. аталып жатқан Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығы мен Роза Бағаланованың 100-жылдығы бар.
Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның барлық деңгейдегі көпқырлы ынтымақтастығы әр түрлі халықаралық мәдени алмасуларды кеңейтуге, ЮНЕСКО Жарғысының білім, ғылым және мәдениет саласындағы мақсаттарын жүзеге асыруға, Ұйым қызметінің барлық негізгі салаларында жобаларды табысты іске асыруға ықпал етеді.