Қазақстан мен Ватикан бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды

Қазақстан мен Ватикан бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды

Ватикан, 2022 жылғы 31 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Ватикан мемлекетіне ресми сапарының екінші күні Қасиетті Тақтың мемлекеттермен қатынастар жөніндегі хатшысы (Сыртқы істер министрі) архиепископ Пол Ричард Галлахермен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында екі сыртқы саяси ведомство басшылары Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Сыртқы істер министрлерінің бірлескен мәлімдемесіне қол қойды.

Екі ел арасындағы денсаулық сақтау саласындағы шарт-құқықтық базаны кеңейту және ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде "University Medical Center" корпоративтік қоры мен "Bambino Gesu" педиатриялық госпиталі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватикан Апостол мұрағаты және Ватикан Апостол кітапханасы арасында ғылыми және мәдени салаларда өзара іс-қимылды орнату мақсатында ниеттер туралы хатқа қол қойылды. Шығыстану институты Ватикан мұрағаттарынан Түркі әлемі мен Еуропаның өзара қарым-қатынасы туралы латын, ерте неміс және скандинав тілдеріндегі бұрын жарияланбаған дереккөздерді іздестіруге, сондай-ақ Алтын Орданың шынайы тарихын қалпына келтіру үшін мұрағат материалдарын зерделеуге ниетті.