Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастыққа 30 жыл

Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастыққа 30 жыл

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 6 мамыр – Бүгін Қазақстан-Дания ынтымақтастығы үшін айтулы оқиға – осыдан 30 жыл бұрын екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнаған болатын.

Осы кезең ішінде Қазақстан мен Дания өзара тиімді ынтымақтастыққа деген өзара ұмтылысты негізге ала отырып, халықаралық мәселелерді шешуге және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуға ұмтылып, сенімді қарым-қатынас орнатты.

Мерейтойлық күнге орай екі елдің сыртқы саяси мекемелерінің басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Йеппе Кофод құттықтау хаттарымен алмасты. Қазақстанның Сыртқы істер министрі өз жолдауында дат тарапын екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды. Өз кезегінде, министр Й. Кофод «Дания өңірдің қауіпсіздігі мен гүлденуі үшін ортақ жауапкершілікпен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы ынтымақтастықты қоса алғанда тығыз әріптестікке қуанышты» екенін атап өтті.

Дат тарапы Қазақстанмен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытады. КОВИД-19 пандемиясының әлемдік экономикаға теріс әсеріне қарамастан, соңғы үш жылда екіжақты сауда көлемі айтарлықтай өсіп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 117,6 млн АҚШ долларына жетті (2020 жылы 80,3 млн долл., ал 2019 жылы – 66,2 млн долл. құраған).

Бүгінгі таңда елімізде Данияның отыздан астам компаниясы қызмет істейді. «Novo Nordisk», «Mde Consult APS Kazakhstan», «Castrol А/С», «Young Refrigeration APS» сияқты компаниялардың қызметі екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жүйелі кеңеюіне ықпал етеді. ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына Даниядан тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 185 млн құраған.

Басым көңіл бөлінетін агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты дамытуда Дания орнықты позицияларға ие. 2021 жылғы қарашада Данияның ауыл шаруашылығы саласындағы компанияларынан құралған миссия Алматы және Ақмола облыстарына келіп, Қазақстан аграршыларымен еліміз аумағында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірқатар бизнес кездесулер өткізді.

Жалпы, қазіргі таңда тараптардың өзара мүдделі бағыттар бойынша әріптестікті кеңейтуге деген қызығушылығымен сипатталатын Қазақстан-Дания ынтымақтастығы елеулі әлеуетке ие.