Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл

Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан мен Палестина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толады. Бұл айтулы оқиғаға орай екі мемлекеттің сыртқы саяси мекемелерінің басшылары құттықтау хаттарымен алмасты.

Палестина Қазақстанды егеменді мемлекет ретінде ресми мойындаған алғашқы араб елдерінің қатарында еді. Ясир Арафат Қазақстанға келген шет елдердің алғашқы басшыларының бірі болды.

Өткен уақыттан бері ауқымды бірлескен жұмыс жасалған. Жоғары саяси деңгейдегі байланыстар жолға қойылып, белсенді түрде жалғасып келе жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қарқынды дамуда.

Екі мемлекетіміз халықаралық ұйымдар мен өңірлік алаңдар шеңберінде тығыз байланыста жұмыс істейді. Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы өзара іс-қимыл жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.

Палестина Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларын қолдайды, соның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте.

Қазақстан Таяу Шығыс проблемасын әділетті жолмен шешуді және Палестина халқының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарлары мен 2002 жылы жарияланған Араб бейбіт бастамасының негізінде тәуелсіз мемлекет құру бойынша заңды құқықтарын қолдап келеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Палестина тарапына қажетті гуманитарлық көмек көрсетіп тұрады. Қазақстандық жоғары оқу орындарында Палестинаның жастары білім алуда.