Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толды

Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толды

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 6 сәуір – Бүгін Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.

Айтулы оқиғаға орай екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда, сондай-ақ Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Польша Сыртқы істер министрі Збигнев Рау өзара құттықтау хаттармен алмасты.

Нұр-Сұлтан мен Варшавада мерейтойлық күнге орай Қазақстан мен Польшаның сыртқы істер министрліктерінде ресми кездесулер өтті. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Польша Елшісі Селим Хазбиевичті, ал Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Пшидач Қазақстан Елшісі Әлім Қирабаевты қабылдады.

«Тарихи тұрғыдан осындай қысқа мерзім ішінде екі ел арасындағы әріптестік жылдан-жылға нығайып және жан-жақты кеңейіп, бүгінде биік деңгейге жетті. Бұған екіжақты және көпжақты форматтағы өзара қолдаумен қатар, жаһандық сын-тегеуріндер аясындағы күрделі сәттерде көрініс тапқан өзара көмек пен ынтымақтастық дәлел болып табылады», - деп атап өтті Р. Василенко.

Қазақстандық дипломат Украинада әскери іс-қимылдар басталғаннан бері Польша Үкіметінің Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін көрсеткен зор көмегіне алғыс білдірді. Атап айтқанда, Польшаның Катовице қаласындағы әуежайынан жеті эвакуациялық рейс ұйымдастырылып, жалпы алғанда 700-ден астам адам Қазақстанға қайтып оралды.

Дипломаттар алдағы жылдары жан-жақты ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі кеңейе беретініне сенім білдірді. Екі ел арасында жоғарғы және үкіметтік деңгейде тұрақты байланыстар орнатылғанын, сондай-ақ парламентаралық диалогтың қарқынды даму серпінін ризашылықпен атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету қажеттілігіне ерекше тоқталды. Польша – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы сегізінші ең ірі сауда әріптесі. 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 760,4 млн АҚШ долларын, ал 2005-2021 жылдар аралығында Польшадан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 272,6 млн АҚШ долларын құрады.

Елдеріміз арасында энергетика, «жасыл технологиялар», көлік және логистика, электрондық сауда, қаржы технологиялары, туризм, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салаларда бірлескен перспективалық жобаларды дамытудың да үлкен әлеуеті бар.

Қос ел бір-бірінен мыңдаған шақырым алыс болғанына қарамастан, оларды ортақ тарихи тағдыр байланыстырады. Қазақстан халқын құрайтын 130 этностың арасында поляк диаспорасы да бар. Қазақстандық «Полония» бүгінде елдеріміз арасындағы «жанды көпір» болып табылады. Поляк диаспорасы үшін елімізде ана тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін оқып-үйренуге және тарихи отанымен рухани жақындасуға қажетті барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Полония» өкілдері еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысып келеді.

Екі мемлекет және халықтар арасында өзара тиімді ықпалдастық пен достықтың алдағы уақытта да қарышты дамуына ортақ сенім білдірілді.