Алматы, 2019 жылғы 25 қазан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұрынғы сыртқы істер министрі, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты Өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші, тарих ғылымдарының докторы Акмарал Хайдарқызы Арыстанбековаға арналған «Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесері өтті.
«Өнегелі өмір» - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің түлектері болып табылатын көрнекті тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, оқытушыларға, Қазақстан Республикасының ғылым және білім саласындағы ұйымдастырушыларына арналған университет басып шығаратын кітаптар топтамасы.
Бұл кітапта А.Арыстанбекованың әр-түрлі кезеңдегі өмірі мен қызметі, оның ғылыми мақалалары, өмірбаяндық және мұрағаттық материалдары, бірлескен қызметі жайлы әріптестерінің мақалалары ұсынылады. Ауқымды фотомұрағат, сонымен бірге Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі және халықаралық ұйымдағы қызметінің алғашқы кезеңі туралы ресми құжаттар назар аудартады.
Салтанатты іс-шарада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, ЮНЕСКО-ның Қазақстан Республикасындағы Кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі Властимил Самек, ғалымдар М.Әбусейітова мен К.Байзақова, сонымен қатар ҚазҰУ студенттері сөз сөйледі.
Кітап еліміздің жас буынына, дипломаттарға, халықаралық қатынастар саласындағы ғалымдар мен сарапшыларға, сондай-ақ бұқара өкілдеріне арналған.