Қазақстан: инвесторлар үшін «Ашық есік» саясаты

Қазақстан: инвесторлар үшін «Ашық есік» саясаты

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 22 ақпан – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен онлайн режимде Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға трансұлттық компаниялардың жаһандық басшылары, халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Президент мемлекеттің өзінің халықаралық және ішкі міндеттемелері мен серіктестер мен инвесторлар алдындағы кепілдіктерін толық көлемде орындайтынын растады. Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал құру жөніндегі жұмыс басым болып табылады және осыған байланысты ол кеңес мүшелерін жүргізіліп жатқан реформаларға тікелей қатысуға шақырды.

Іс-шарада еліміздің экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасын көрсететін өзекті деректер ұсынылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ке өсті. Тұрақты өсуге негізгі серпін берген нақты сектор болды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 5,5%-ке өсті. Шикізаттық емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік оң өзгерістердің шешуші факторына айналды.

2021 жылы шетелдік қатысумен сомасы 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын 44 ірі инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 7,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл ретте, жобалардың басым бөлігі машина жасау саласына – 8 жоба, жаңартылатын энергетика саласына – 8, ТМК және металлургия саласына – 6, агроөнеркәсіп кешеніне – 5 және т.б. қатысты.

Өткен жылдың алғашқы 9 айында тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 50%-ке дерлік ұлғайды және 18,8 млрд. АҚШ долларына жетті.

Қазақстан өзінің егеменді қаржылық міндеттемелері бойынша дефолтқа жол берген жоқ және сенімді экономикалық әріптес болып табылады. Еліміздегі инвестициялық ахуал қолайлы болып қалуда, мұны халықаралық рейтингтік агенттіктер мен ұйымдар растайды.
«Moody’s», «Fitch» және «Standard & Poor’s» жетекші рейтингтік агенттіктері 2021 жылы Үкіметтің экономикалық өсуді қалпына келтіруді ынталандыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады және Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «тұрақты» болжаммен инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.

Мемлекет басшысы Кеңестің осы көрсеткіштерге қол жеткізуге қосқан зор үлесін атап өтіп, инвесторларды одан әрі өзара тиімді белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Өз кезегінде Кеңес мүшелері Қазақстан билігінің шетелдік инвестицияларды қорғау және барлық міндеттемелерді орындау бөлігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенім білдірді, жүргізіліп жатқан реформаларды қолдады, сондай-ақ бірқатар өз бастамаларын айтты.

Осылайша, «European Bank for Reconstruction And Development» банк ісі жөніндегі Вице-президенті Алан Пию Қазақстандағы инвестициялық ахуалды қалпына келтіру және жақсарту мүмкіндіктерін барынша кеңейтетін үш негізгі саланы ұсынды:

Біріншісі корпоративтік басқарудың жетілдірілген шараларын, халықаралық сатып алу қағидаларын, одан әрі цифрландыруды енгізе отырып, Мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау және Қазақстан даму банкі мен «Самұрық-Қазынаны» қайта құрылымдау арқылы жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және экономиканы әртараптандыру.

Екінші – Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін, көміртегі бейтараптылығын және климаттың өзгеру салдарына тұрақтылығын жеделдету.

Үшіншісі – жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен біліктілігіне қолжетімділікті кеңейту, қаржыға қолжетімділікті жақсарту және ішкі өңірлік теңсіздікті қысқарту есебінен жеке сектор арқылы өңірлік экономикалық интеграцияға жәрдемдесу.

Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі «Сити групп» компаниясының Бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстон Citi Қазақстанға стратегиялық және сенімді серіктес ретінде ниеттестігін сақтап отырғанын атап өтті.

«Ел алдында күрделі міндеттер тұр: Қазақстанға халықаралық инвестициялар деңгейін қолдау құқық үстемдігін, ашықтықты және мемлекеттік басқару қағидаттарының жиынтығын бұлжытпай қамтамасыз етуге сүйенетін болады. Citi тәжірибесі 160 елде клиенттерге қызмет көрсететін жаһандық қаржы институты бола отырып, осы Ережелерге күшті және дәйекті назар аудару инвесторлардың сенімін қалыптастыру және қолдау үшін маңызды фактор екенін көрсетті. Елдегі ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі бола отырып, Citi біздің институционалдық инвесторлар желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, бүкіл әлем бойынша Қазақстан үлгісін таныстырады».

 «Chevron» корпорациясының өндіру мәселелері жөніндегі атқарушы Вице-президенті Джеймс Джонсон Қазақстан энергетикасының тартымдылығын арттырудың жаңа жолдары туралы айтып берді. Қазақстанның қолданыстағы келісімшарттарға қол сұғылмаушылық кепілдіктеріне бейілділігін және бәсекеге қабілетті әрі болжамды инвестициялық жағдайлардың маңыздылығын мойындай отырып, ол осы шаралардың барлығы «Chevron» компаниясына Қазақстанға инвестициялауды жалғастыруға және мұнай-газ саласының көміртекті сыйымдылығын төмендетуге, жаңа төмен көміртекті өнімдер мен шешімдерді дамытуға үлес қосуға көмектесетінін атап өтті.

«Cameco» корпорациясының Бас басқарушы директоры және президенті Тим Гитцель «30 жылдық тәжірибеге сүйене отырып, Cameco бүгін де, болашақта да Қазақстанда инвестициялаудың берік жақтаушысы болып қала беретінін» атап өтті» деді. «Қазақстанда қызметі 30 жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан компания бола отырып, біз жақында Қазақстан халқының жігері мен төзімділігінің көрінісіне куә болдық. Біз Қазақстанды тұрақты инвестициялық ахуал, шарттық құқықтарды сақтау және салық салудың теңдестірілген және болжамды жүейсі бар инвестициялау үшін қолайлы юрисдикция ретінде білеміз», – деп қосты.

Ол «Cameco» компаниясының «Қазатомөнеркәсіппен» ынтымақтастықты одан әрі өндіріске, сондай-ақ Қазақстанда уранды қайта өңдеуге инвестициялар салу арқылы арттыру үшін ашық екенін атап өтті. Қауіпсіз, таза және сенімді ядролық қуатты өндіруге арналған отын ретінде уран алдағы жылдары өсіп келе жатқан сұранысқа ие болады, өйткені әлемде декарбонизация және тұрақты электрлендіру бойынша қадамдар жасалады.