Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 10 қаңтар – Қытай тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің м.а. Мұхтар Тілеуберді ҚХР Мемлекеттік кеңес мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгіме барысында Қытай сыртқы саяси ведомствосының басшысы ҚХР басшылығы мен халқының атынан Қазақстандағы тәртіпсіздіктер барысында қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол сондай-ақ ҚР Президенті мен Үкіметінің егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғау жөніндегі іс-қимылдарын қолдау, сондай-ақ қытай тарапының елдегі жағдайды тез арада тұрақтандыруға деген сенімі туралы мәлімдеді.
М.Тілеуберді халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалыпты тіршілік әрекетін қалпына келтіру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті.
Министрлер екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және екі мемлекет арасындағы сыртқы саяси іс-шаралар кестесін талқылады.