Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы резидент еместерге ЭЦҚ алу мүмкіндігі туралы

Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы резидент еместерге ЭЦҚ алу мүмкіндігі туралы

 

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 31 желтоқсан Пилоттық жоба шеңберінде бейрезиденттер электрондық цифрлық қолтаңбаларды еліміздің елшіліктері мен консулдықтары арқылы ала алады.

Пилоттық жоба сыртқы істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, сондай-ақ ішкі істер министрліктерімен бірлесіп іске асырылды.

Аталған жоба Вашингтон, Сеул, Бішкек, Мәскеу, Прага, Дубай, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Майндағы-Франкфурт, Ыстамбұл және Бейжің қалаларында орналасқан Қазақстан Республикасының 11 дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істейтін болады.

Жобаның негізгі мақсаты – әлеуетті шетел инвесторлардың Қазақстанның онлайн аукциондарына қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Резидент емес жеке тұлғалар ЭЦҚ-ны «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Ол үшін шетел азаматтардың өзімен бірге паспорты, паспортының электрондық көшірмесі (pdf форматында), аты-жөнінің кириллицаға, қажет болған жағдайда латын әліпбиіне (pdf форматында) нотариалды куәландырылған аудармасының электрондық көшірмесі және USB-flash жинақтаушы (ЭЦҚ кілттерін сақтау үшін) болуы қажет.

Резидент емес заңды тұлғалар алдын ала Қаржы мининстрлігі МКК сайтында тіркеліп және БСН-ді онлайн алып, ЭЦҚ-ны Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінен ала алады.

Қызмет 2 жұмыс күні ішінде тегін көрсетіледі.