Қазақстан мен Мексика екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Қазақстан мен Мексика екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстан мен Мексика арасында бейнеконференция режимінде саяси консультациялар өтті.
Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігі Америка департаментінің директоры Нұрғали Арыстанов пен Мексика Сыртқы істер министрлігі Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс департаментінің бас директоры Ампаро Эрендира Ангиано Родригес теңтөрағалар ретінде қатысты.

Сұхбаттастар екі ел арасындағы кең ауқымды қарым-қатынастардың күн тәртібін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ шарт-құқықтық базаны кеңейту мәселесін талқылады.

Өзара тиімді ынтымақтастықтың кеңеюін құптай отырып, тараптар БҰҰ алаңында және басқа да көпжақты құрылымдар аясында өзара қолдаудың жоғары деңгейін атап өтті.
«Мексика Қазақстанның Латын Америкадағы ең ірі серіктестерінің бірі болып табылады. Біз Мексикамен орнатылған серіктестікті достық, өзара құрмет және сенім рухында одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», - деді Н.Арыстанов өз сөзінде. Екі ел арасындағы тауар айналымы жоғары динамиканы көрсетіп, 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есеге жуық өскен.
Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға және алдағы кезеңге негізгі басымдықтарды белгіледі.