АӨСШК ағымдағы жылды қорытындылады және алдағы іс-қимыл жоспарын бекітті

АӨСШК ағымдағы жылды қорытындылады және алдағы іс-қимыл жоспарын бекітті

 

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстанның төрағалығымен 2021 жылғы 6 және 8 желтоқсанда бейнеконференция форматында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Арнайы жұмыс тобының (АЖТ) және Аға лауазымды тұлғалар комитетінің (АЛТК) отырыстары өтті.

АЛТК төрағасы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев АӨСШК-нің 2021 жылғы қызметін қорытындылай отырып, Кеңестің жұмысындағы өсіп келе жатқан белсенділігін және мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының жоғары нәтижелілігін атап өтті, осыған АӨСШК-нің Нұр-Сұлтан қаласында 6-шы Министрлік кездесуінің табысты өтуі, Ақылмандар алқасын құру, Талдау орталықтары форумын тұрақты жұмыс істейтін алаң ретінде қайта құру, эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың қауіпсіздігі сияқты жаңа басым салалар көрініс тапқан Сенім шараларының жаңартылған каталогының қабылдануы себеп болып табылады.

Мүше мемлекеттерге АӨСШК процесін одан әрі дамыту, оның ішінде Кеңесті халықаралық ұйымға трансформациялауды ілгерілету, 2022 жылғы қазанда 6-шы Саммитті өткізу, Ақылмандар алқасын қалыптастыру, АӨСШК қорын құру, БҰҰ-ның терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру бойынша АӨСШК іс-қимыл жоспарын қабылдау мәселелері бойынша төрағалықтың жоспарлары туралы хабардар етілді.

АӨСШК хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Хатшылықтың қызметі және АӨСШК сенім шараларын бес өлшемде іске асыру барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді, оның шеңберінде 2021 жылы мүше мемлекеттер 35 іс-шара өткізгені және жыл соңына дейін қосымша 3 шара ұйымдастырылатыны, сондай-ақ 2022 жылы сенім шараларын іске асыру бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы хабардар етті.

АЛТК «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» және «Қаржы» басым салаларындағы тұжырымдамаларды, «Эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика» (Қазақстан), «Терроризмге қарсы күрес» (Үндістан) және «Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану» (Ресей) басым салаларындағы үйлестірушілерді бекітті. Сонымен қатар, ЕАЭО және АСЕАН-мен сыртқы байланыстар орнату туралы шешім қабылдады, Хатшылықтың 2022 жылға арналған бюджетін және оның штаттық құрылымын мақұлдады, сондай-ақ
2022-2024 жж. АӨСШК төрағалығына Қазақстанның кандидатурасы бойынша ұсыныс қабылдады.