Қазақстан СІМ жанындағы Адами өлшем жөніндегі диалог алаңының жиналысында 2021 жылдағы жұмыс қорытындыларын қарастырды

Қазақстан СІМ жанындағы Адами өлшем жөніндегі диалог алаңының жиналысында 2021 жылдағы жұмыс қорытындыларын қарастырды

 

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 6 желтоқсан – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының (ККО) 2021 жылдың қорытынды отырысы онлайн-форматта өтті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атынан сөйлеген сөзінде Министрдің орынбасары Ерлан Әлімбаев Мемлекет басшысы биыл ұсынған бірқатар маңызды саяси өзгерістерді атап өтті. Саяси реформалардың үшінші пакеті іске асырылды. Президенттің жаңа бастамалары Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі институционалдық дамытуға және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Реформалар сайлау процесіне, жастар саясатына, қайырымдылық қызметіне қатысты болды.

Отырыстың күн тәртібі адам құқықтарын қорғау саласындағы үш бағытты талқылауды қамтыды: Әмбебап кезеңдік шолу қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың есебі және БҰҰ шарттық комитеттері (139.29 ұсыным), 2021 жылдың соңына дейін адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде заңнамалық бастамаларға ККО ұсыныстарын есепке алу (есепке алмау) туралы Стамбұл хаттамасының қағидаттары және жауапты министрліктер мен ведомстволардың баяндамалары негізінде әзірленген дене жарақаттарын және психоэмоционалдық жай-күйді, азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің болжамды құрбандарын тіркеу жөніндегі медициналық нысанды енгізу.

Аталған шараларды іске асыру азаматтық қатысуды кеңейтуге, парламентаризм мен көппартиялықты дамытуға, сондай-ақ елді одан әрі демократияландыруға ықпал етеді.

ККО жұмысына қатысқаны және көрсеткен көмегі үшін БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮСАИД және дипломатиялық корпус өкілдері сияқты тұрақты қатысушыларға бөлек алғыс айтылды.

Азаматтық сектордың атынан «Аман-Саулық» қоғамдық қорының, Қазақстанның ҮЕҰ азаптауларға қарсы коалициясының, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының және адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның өкілдері белсенді түрде қатысты.

Күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша өткен пікірталастар барысында мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның осы мәселелер бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жасауы жөнінде нақты ұсыныстар әзірленіп, ашық әрі сындарлы сипатқа ие болды.

Отырыс шеңберінде ұсынылған ККО ұсынымдарының жаңа жол картасын құру жөніндегі СІМ бастамасын атап өту қажет, ол 2022 жылы іске асырылатын болады.

Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Конституциялық Кеңестің, мүдделі министрліктердің, қазақстандық құқық қорғау ҮЕҰ, сондай-ақ халықаралық серіктестер БҰҰ Даму бағдарламасының, адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының (АҚЖКБ), ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ және ЮСАИД өкілдері қатысты.