Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шетелдегі іс-шаралар туралы  

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шетелдегі іс-шаралар туралы   

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ҚР-дың шет елдердегі бірқатар елшіліктері билік өкілдерінің, дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар басшыларының, сондай-ақ сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар өткізді.

Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасында өткен конференция шеңберінде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы «Kazakhstan at 30: The Awakening Great Steppe» («Қазақстанның 30 жылдығы: жаңғырған Ұлы Дала») атты жаңа кітап таныстырылды.

Кітапта экономикалық даму, инвестициялық ахуалды жақсарту, саяси реформалар, білім беру жүйесін трансформациялау, халықаралық аренадағы жетістіктер, мәдени мұраны, туризмді дамыту және т.б. мәселелерді қоса алғанда соңғы үш онжылдықта елдің түрлі салаларында қол жеткізген ілгерілеушіліктеріне шолу жасалады. Он бес эсседен тұратын жинақ түрінде дайындалған кітаптың авторлары – беделді британиялық, халықаралық және қазақстандық сарапшылар.

«Kazakhstan at 30: The Awakening Great Steppe» кітабының электронды нұсқасымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Түркия Мәдениет министрлігі Президенттік симфониялық оркестрінің концерт залында Еуразиялық симфониялық оркестрдің концертін ұйымдастырды.

Қазақстанның Германиядағы елшілігінің қолдауымен Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесіп Берлин филармониясының Үлкен залының сахнасында Еуразиялық симфониялық оркестрдің концерті өтті.

Симфониялық оркестр әртістері, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева, опера әншісі Талғат Мұсабаев және талантты композитор Рахат-би Әбдісағын дирижер Айдар Торыбаевтың жетекшілігімен отандық және әлемдік музыка классикасын орындады.

Бразилияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың португал тіліндегі «Қазақстан жолы» кітабының тұсаукесері өтті.

Бразилиялық сарапшылар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына үлкен қызығушылық танытып, елдің барлық жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалар саясатындағы сабақтастықты оң бағалады.

Қазақстанның Аммандағы елшілігі Иордания Ұлттық кітапханасымен бірлесіп фотокөрме ұйымдастырды.

Тақырыптық экспозицияда қонақтарды тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен, мәдениетімен, табиғатымен, көрікті жерлерімен, сондай-ақ халықаралық аренадағы негізгі жетістіктерімен таныстыратын фотожұмыстар ұсынылған.

Дөңгелек үстел аясында БАӘ-нің Emirates Post өкілі С.Альмидфа еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Біріккен Араб Әмірліктері Федерациясының 50 жылдығына орай шығарылған арнайы пошта маркаларын ұсынды.