Қазақстан мен Ресей СІМ арасындағы жоспарлы саяси консультациялар туралы

Қазақстан мен Ресей СІМ арасындағы жоспарлы саяси консультациялар туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 26 қараша – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Марат Сыздықов пен Андрей Руденко деңгейінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында Қазақстан-Ресей консультацияларының кезекті раунды өтті.

Делегация басшылары екі мемлекет арасындағы одақтастық қарым-қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара ниетті екендіктерін растады. 2021 жылы жоғары және аса жоғары деңгейдегі өзара сапарлар аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумын іске асыру бойынша бірлескен жұмыстың қорытындылары шығарылды.

Консультацияларға қатысушылар COVID-19 пандемиясының теріс әсеріне қарамастан, екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара сауданың тұрақты көрсеткіштерін оң тұрғыда атап өтіп (ү.ж. 9 айда ҚР мен РФ арасындағы сауда көлемі 29,6%-ға өсіп, 17,2 млрд. долларға дейін жетті), Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тиімді қызметінің маңыздылығы белгіленген.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуді жақтады. ҚР мен РФ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай (1992 ж. 22 қазан) екі ел халықтарының өзара түсіністігін, сенімін және мәдени жақындасуын одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен қадамдар жасау ниеті расталды.

Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Орталық Азия өңірі мен Ауғанстандағы ахуал, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің ЕАЭО, ТМД, ҰҚШҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылы бойынша пікір алмасылды.