Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 24 қараша – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев Грекияның жаңадан тағайындалған Елшісі Эфталия Какиопуланы қабылдады.
Тараптар соңғы үш онжылдықта мемлекеттеріміз саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді дамытып келе жатқанын атап өтті. Пандемиядан кейінгі кезеңде екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуды талқылауға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Осы тұрғыда тараптар кезекті отырысы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-грек үкіметаралық комиссиясының рөлін атап өтті.